Елбасы мұраты – ел бақыты

Тұңғыш Президент күні 2011 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасы парламент сенатының толық отырысында қол қойылып, бүгінгі таңда бүкілхалықтық сипат алған мереке.  Тарихы сонау 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет егемен еліміздің тұңғыш Президенті сайланып, ел мерейі тасыған айтулы күнмен тығыз байланысты. Азат елдің жан сүйсінтер жарқын жетістіктері Елбасымыз Н.Назарбаевтың есімімен әрдайым үндестікте өріледі.

Осындай тұлғаға деген құрмет аудандық мәдениет үйінде өткен «Елбасы мұраты – ел бақыты» атты салтанатты шарада айрықша паш етілді. Айтулы мерекемен жиналған жұртшылықты аудан әкімі Марат Разбеков құттықтап, мейрам мәніне үңілді. Аудан басшысы өз лебізінде аталмыш мейрамның негізінде елінің Елбасына  деген сенімі мен құрметі жатқандығын тілге тиек ете келе, – Ұлт Көшбасшысының басшылығымен елімізде бағалы бастамалар, кең ауқымды реформалар толассыз жүзеге асырылып, мемлекетiмiздiң экономикасы жаңа сипатпен дамыды. Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстан Орталық Азия өңiрiнде, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығында және халықаралық аренада алдыңғы қатарлы мемлекетке айналды. Бүгінде ұлтаралық бiрлiктің, ынтымақтастықтың қазақстандық нұсқасы әлемнiң көптеген елдерiне үлгi бола алады.

Қымбатты жерлестер! 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан халқы өзінің таңдауын жасады, уақыт бұл таңдаудың дұрыстығын көрсетуде. Бүгінде біздер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығы кезінде, Қазақстан-экономикалық гүлденген, демократиялық және әлеуметтік мемлекет болып қалыптасты деп толығымен айта аламыз. Әрқашанда елдің бірлігі мен ынтымағы жас мемлекетімізді кемел келешекке бастай берсін.

Осынау мерекелі күні барлық сарқандықтарға мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке, ынтымақ пен мейірім тілеймін.  Көпұлтты және қуатты Қазақстанымыз гүлдене берсін!  Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді. 

Лебіздер легін аудандық мәслихаттың депутаты Амангелді Омаров, Сарқан политехникалық колледжінің 2 курс студенті Евгения Черноусова жалғап, өз сөздерінде елі сүйген, елін сүйген Елбасының ерен еңбегін атап өтті. Шара барысында бірқатар жандарға аудан басшысы өз қолымен Құрмет және Алғыс хаттарды табыстады. Көзі қарақты оқырман саялы өңіріміздің төлтаңбасына аудандық байқау жарияланғандығынан хабардар. Саялы өңіріміздің басты белгілерін жүрекпен сезініп, шебер қолдармен әсем өрнектей білген Сарқан гуманитарлық колледжінің ұстазы Дүкейхан Нұрболаттың туындысы нәтижесінде жеңімпаз атанды. Жаңа төлтаңба көпшілік алдында кеңінен таныстырылып, автор Құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанаттың сәні аудан өнерпаздарының асыл саз, әсем билерімен одан әрі асқақтай түсті.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: