Тарихи-танымдық кеш

Тәуелсіздік үшін Алматының орталық алаңында еліміздің болашағы үшін жиналған жігіттер мен қыздардың рухынан қуат алған ызғарлы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.

Осы орайда аудандық кітапханада кітапханашылардың ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік-тұғырым» атты тарихи танымдық кеш болып өтті. Іс-шараның бастауында Әнұран шырқалып, Мақсат Сансызбай, Айым Абибекова атты бүлдіршіндер мәнерлеп өлең оқыды. Кеш жүргізушілері кітапханашылар Эльмира Скакова мен Айжан Сәбитова болса еліміз азаттыққа қол жеткізу үшін талай боздақтың қаны төгілген Желтоқсан көтерілісінің тарихын оқырмандардың есінде жаңғыртты.  Елнұр Қалел есімді кішкентай оқырман Тәуелсіздік туралы өлеңді оқыса, кішкентай бүлдіршіндер Желтоқсан көтерілісі құрбандарының портреттерін ортаға алып шығып, ел тарихындағы сол бір сұрапыл  кезеңді көз алдымызға әкелді. Желтоқсан көтерілісінде опат болғандарға тағзым етіліп, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Ата-аналар атынан ортаға шыққан Шарбану Барлыбаева көпшілік қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мерекелік лебізін білдірді. Ал іс-шара жүргізушілері болса еліміздің дамып-өркендеуін хронологиялық тәртіппен келтірді. Кішкентай балдырғандар болса арнайы әзірлеген «Алға Қазақстан» биін мың бұрала билеп, кештің шырайын аша түсті.

Іс-шара соңында аудандық кітапхана әдіскері Айсұлу Тілектесқызы ортаға шығып, тарихи-танымдық кештің өтуінде өз өнерлерін көрсетіп, оқырмандар ықыласына бөленген бір топ бүлдіршін Елнұр Қалел, Мақсат Сансызбай, Аяжан Рүстембекова, Айым Абибекова, Алдияр Дәулеткелді, Айзере Жангелдіге және жетекшілері Зәмзагүл Жақаеваға Алғыс хат табыстап, «Жетісу» энциклопедиясын ұсынды. Іс-шара соңында қатысушылар мен қонақтар естелік суретке түсті.

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: