Жуырда аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу жайында қоғамдық тыңдау өтті.
Жиынды ашқан аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Д. Нөкербаев қаланың бас жоспары 2009 жылы бекітілгенін, алайда қаланың құрамына қосымша 205 га жер телімі енгізілуіне байланысты аталған бас жоспар өзектілігін жоғалтты, осыған байланысты өзгеріс енгізілген бас жоспарды назарларыңызға ұсынамыз деді де күн тәртібінде екі мәселе қаралатынын жеткізді. Олар Сарқан қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстары және қаланың 5 жылға арналған кешенді жоспарын әзірлеу.
Алғашқы мәселе бойынша сөз алған «Табрис» ЖШС-нің сәулетшісі Б. Сұлтанов аталған бас жоспар Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірігіп әзірленгенін және алдағы жиырма жылға лайықталғанын жеткізді. Баяндамашының сөзінше қала өмірінде біраз өзгерістер орын алмақ. 2038 жылға қарай қала халқының саны 21 мың адамды құрайды деп есептеліп отыр, сол себепті «Химчистка» шағын ауданында жаңадан мектеп пен балабақша бой көтереді. Жол бойындағы сервистік қызмет көрсету орталықтары дамиды деп белгіленуде. Орталықтағы автобекет қаланың шетіне көшіріліп, оның орнына сауда ойын-сауық орталығы бой көтереді деп жоспарлануда. Барлық инфрақұрылымдық жүйелер қамтылған бас жоспардан күтер жаңалықтар мол болмақ.
Ал «Градо» ЖШС жобалаушысы А. Атанесянның сөзінше алдағы бес жылда көп қабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, әрбір ықшамауданда спорт алаңы салыну көзделген. Инженерлік жүйелер жаңартылып, көгалдандыру ісіне баса мән берілмек.
Бас жоспарды әзірлеудің басты мақсаты – Сарқан қаласынан экологиялық қолайлы, тыныс-тіршілікке қауіпсіз орта құруға, әлеуметтік-экономикалық дамытудың болжамды параметрлері негізінде аумақтың функционалдық-жоспарлық ұйымдастырылуын қалыптастыруға бағытталған.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.