Өздеріңізге мәлім, соңғы кезде есірткі заттары қатарына қосылатын снюс туралы республика бойынша дабыл қағылуда. Бұл — құрамында никотин мөлшері көп, канцерогендері төмен болуымен сипатталатын түтінсіз темекі.
Сатылымда бар. Аталған өнімнен сақтану керектігін оның аса зиянды екенін тексеріп, қорытынды шығарған мамандар ескертеді.Ғалымдардың зерттеу еңбектеріне қарағанда, снюс 1637 жылдан бастап Швециядан аян екен. Темекінің бір түрі. Үлкен-кішіге бірдей қауіпті зат. Әуестенген адамның мінез-құлқын өзгертеді. Денсаулығына зиян келтіреді. Жазылмас дертке шалдықтырады. Сондықтан әсіресе ата-аналар қауымы балаларына сақ болса игі. Дүкеннен, сол сияқты Интернет арқылы алдыратын снюс өнімдері жасөспірімдер арасында кеңінен таралып келеді.
ТҮТІНСІЗ ТЕМЕКІНІ ҚОЛДАНУДЫҢ САЛДАРЫ: 1. Снюсті тұтынған кезде ең бірінші ауыз қуысының шырышты қабығы зақымданады, бастағы ауырлық, апатия, күрт сілекей бөлу және бас айналу түріндегі жағымсыз әсерлер пайда болады. 2. Ауыз қуысының, ұйқы безінің, өңеш пен өкпенің онкологиялық ауруларының дамуына әкелуі мүмкін. 3. Түтінсіз темекіні ұзақ уақыт пайдалану парадонтозға, тістің бұзылуына, ауыздан жағымсыз иістің пайда болуына, тахикардияға, гипертония, бедеулікке әкеледі. 4. Темекінің осы түрін пайдаланушыларда жоғары агрессивтілік және қозу немесе керісінше, апатия және эмоциялық дисфункция байқалады 5. Снюс когнитивті процестердің нашарлауына, жадының және назар аударудың бұзылуына әкеледі; 6. Сондай-ақ түтінсіз темекі ағзаның жұқпалы ауруларға төзімділігін әлсіретеді. 7. Никотиннің артық дозалануы өлімге әкелуі мүмкін.
ЕГЕР СІЗГЕ БІРЕУ СНЮС ҰСЫНҒАН ЖАҒДАЙДА: Таныс немесе бөгде адам темекінің осы немесе басқа түрін ұсынса ешқандай жағдайда оның дәмін татып көруге келіспеңіз. Жанжалға түспей, сыпайы бас тартыңыз; Егер сізге шайнайтын кәмпиттер ұсынса, олардың шығу тегі мен қауіпсіздігіне сенімді болмасаңыз, жеуге асықпаңыз; Достарды және таныстарды осы затты пайдаланудың зияны туралы ескертуге және оны пайдаланбауға сендіруге тырысыңыз.
Есіңізде болсын, аурудың салдарымен күресуге қарағанда, қайғының алдын алу оңайырақ. Өз денсаулығыңызды сақтаңыз! Қатердің алдын алу — қоғам міндеті десек, жаманнан жиренейік!
Г.Садвақас,
Сарқан аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы.