Көрме табысты өтті

Сонымен елімізді жаһанға жаңа қырынан танытқан халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі өз мәресіне жетті. Ел абыройын асқақтатқан 166 жылдық тарихы бар көрменің жабылу салтанатына Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев қатысты. Елбасы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында «ЭКСПО-2017» көрмесі табысты өткенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті.

– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне тоқталды.

– ЭКСПО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы ЭКСПО инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану жоспары жөнінде ой бөлісті.

– «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Қазақстан Президенті көрмені өткізуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын білдірді.

– Осымен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялаймын! Оның идеясының толығымен жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығымды білдіремін. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысып, еңбек етті. Баршаңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Мәліметпен бөлісу: