Сарқан қаласындағы аудандық Мәдениет үйіне жиналған көпшілік аудан әкімі Марат Разбековтың «2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2020 жылдың жоспарлары туралы» есепті баяндамасын тыңдап, өңірдің бүгіні мен келешегі жөнінде кең мағлұмат алды. Есепті жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қатысты.
-Өткен жыл ауданымыз үшін жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасаған жыл болды. Президенттің Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып келеді, -деді ауданның тыныс-тіршілігі кеңінен қамтылған баяндамасында Марат Мелісұлы.
Аудан бойынша жалпы ішкі өнімнің көлемі 63,3 млрд. теңгені құрап, өнеркәсіпте 6,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін айта келіп әкім дәнді дақылдардың 54 211 гектарынан 137 494 тонна астық жиналғанын, орташа өнімділігі гектарына 25,4 центнерден айналғанын аграрлық сектордың басты көрсеткіші ретінде атап өтті. Биыл 2 850 гектарға себілген тәтті түбірден 97 740 тонна өнім алынды.
Ауданда мал шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер бар. Өткен жылы сонымен қатар аудан бойынша 1,9 млрд. теңгеге 85 дана әр түрлі ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды. Негізгі капиталға 8,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Есепті кезеңде құрылыс саласында 6000 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Жыл басынан 9,4 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары орындалды немесе былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсті. Шағын кәсіпкерлік саласындағы 2649 субъектіде 9310 адам жұмыс жасап, өндірілген өнімнің көлемі 17,5 млрд. теңгеге жетті.
Баяндамада есепті кезеңдегі мемлекеттік бюджетке түскен салықтар жән е басқа да міндетті төлемдер жұртшылық назарына ұсынылып, әлеуметтік салаға баса назар аударылды. Ауыз су жүйесімен қамту, аудандағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының күйі нақтыланып, аудан бойынша білім беру, денсаулық сақтау салаларының бүгінгі тынысы атап көрсетілді.
Экономиканың дамуында туризмнің алар орны ерекше. Осы орайда ауданымыздағы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесінің 11 экологиялық және мәдени-тарихи туристтік бағыттары белгіленіп, осы бағыттар арқылы биылғы жылы 1500 турист жүріп өткен. Балқаш көлі жағалауында демалатын адамдар саны күннен күнге артып келеді. Тек былтырғы жылы 17 демалыс аумағында 35 мың адам демалуға келіп, 101,1 млн. теңгеге қызмет көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдан жылға даму үстінде.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру бойынша 10 жоба, 154 түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып, оған 8 мыңнан астам адам қатысқанын, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Лепсі ауылында 6,5 млн. теңгеге Руслан Саттыбеков бастаған ауыл азаматтары «Бөрлі» спорт алаңын салып бергенін, сонымен қатар Абай ауылында Бекен Жамантаев және басқа да жергілікті азаматтардың демеушілігімен 4 млн. теңгеге Тасарық орта мектебінің жанындағы ескі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, «Үлгі спорт кешені» болып қайта жаңғырғанын баяндамашы қанағаттанарлық сезіммен жеткізді. Биылғы жылы көп балалы, аз қамтылған отбасыларға 5 үй ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер тарапынан сыйға тартылды және «Абдрахимов» шаруа қожалығының басшысы Мират Абдрахимов өз жұмысшыларына 5 үй салып берді. Сондай-ақ қосымша мемлекеттік бюджеттен аз қамтылған, көп балалы отбасыларға 166,2 млн. теңгеге 35 үй сатып алып берілді.
Баяндамашы бұдан әрі мәдениет саласының, жастар ресурстық орталығының жұмыстарына кеңірек көңіл бөлді. Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығы 2019 жылы 15460 жас қатысқан 519 әлеуметтік маңызы бар шаралар ұйымдастырды. Олардың арасында республика бойынша тұңғыш рет жастар жылына орай «Жастар шыңын бағындыру» тақырыбымен 2 күндік туристік жорық жүзеге асырылды. Сонымен қатар жыл басынан бері еріктілердің бастамасымен 30 — ға жуық ардагерлер мен қарттарға көмек көрсетіліп, қайырымдылық және тазалық акциялары іс жүзіне асты.
Марат Мелісұлы есепті баяндамасында биылғы жылы атқарылатын шараларды саралап берді. Ауыл шаруашылық саласы бойынша өнім көлемін арттыру, мал шаруашылығын дамыту, өнеркәсіп саласын ілгерілету бағытындағы басымдық берілген міндеттерге тоқталды. Үстіміздегі жылы 9 млрд. теңгеге инвестиция тарту болжануда. Бұл бағытта «МТиК» ЖШС-ң су электр станциясын салу жобасы инвестициялық жоба ретінде танылды. Жобаны іске асыру барысында 20 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Аталған жобаны іске асыру үшін жеке қаржы есебінен 6 млн. 960 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат тартылады. «АЗИЯ ГОЛД» ЖШС-і 2019-2020 жылдары қуаттылығы маусымына 200 тонна дайын өнім болатын дәрілік шөптерді қайта өңдеу зауытын салу, сондай-ақ салынып жатқан зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін көлемі 400 гектардан кем емес жер учаскесінде дәрілік түймедақ өсіру жобасының іске асырылуын жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру барысында 30 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Аталған жобаны іске асыру үшін жеке қаржы есебінен 442,7 млн. теңге көлемінде қаражат тартылады.
«ВЭС 50 Мвт «Абай 2» ЖШС-гі 2019-2020 жылдары қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы жобасы іске асырылуы жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру үшін жеке қаржы есебінен 19,4 млрд теңге көлемінде қаражат тарту және 15 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. «Jetisu Beef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2019-2021 жылдары 10000 бас ірі қара малға арналған 3 бордақылау алаңын салу, етті бағыттағы малдың өсімін көбейту, мал шаруашылығын дамыту жобасын іске асыруды міндетіне алды. Жобаны іске асыру үшін жеке қаражат есебінен 50 млн. АҚШ долларын тарту және 150 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Баяндамадан соң залдан сұрақ қойған тұрғын жұртшылық көкейіндегі пікірді жандандырды. Жылу құбырлары жүргізілген көшелердің күйі сын көтермейді. Көктемгі-күзгі лайсаңда көпшілікке қолайсыздық туғызуда. Бұл сауалға орай аудан әкімі биыл қала аумағындағы 7 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жұртшылыққа жеткізді. Есепті баяндаманы талқылауға жиналғандар атынан сөз алған аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков әкімнің өткен жылғы жұмысына қанағаттанарлық баға беруді ұсынып, Қарабөгет, Лепсі ауылдық округтерінің ауыз сумен толық қамтылмағандығын ескертті.
Жиынды қорытындылаған Бағдат Сайланбайұлы облыста атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, Сарқан ауданының алдағы алар асуларын саралап өтті.
-Ақсу қант зауытының іске қосылуына байланысты қызылша көлемінің арта түсуі заңдылық. Өнімін өткізіп, төлемақысын ала алмай жүрген шаруа қожалықтары болмауы тиіс. Мұндай сылбырлыққа жол берілмейді,-деген облыс әкімінің орынбасары ауданда жүзеге асырылатын ауқымды жобалардың бірқатарына тоқталып, залдан түскен, жарыссөзде көтерілген мәселелердің аяқсыз қалмайтындығына сендірді.
Ауданның алдына қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді, соған орай мамандардың жауапкершілігі де еселене түсуі керек. Есепті жиынға қатысқандар осындай ой арқалап қайтты.
Жомарт ИГІМАН.