«Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты… Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.
Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу». Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріне өзгеше леп сыйлаған Елбасымыз, егемен еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан үзінді. Мәйекті мақала жарық көргелі мәдени, рухани дүиелеріміз қайта түгенделіп, оларға деген көзқарасымыз барынша айқындала түскендей. Жалпы, жаңғыру деген сөз негізінен қайта өркендеу, қайта жаңару деген мағынаны береді.
Мақала аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі географиясы» атты жоба еліміздің тарихи-мәдени және символикалық киелі негіздеріне сүйенеді. Бұл жобаға жататын қасиетті орындар – елде туризм индустриясын дамытуға, сөйтіп халықты киелі жерлерге тартуға арналады. Өлкесін жеті өзен өрнектеген Жетісу, оның ішінде саялы өңір-Сарқан да киелі жерлерден кенде емес. Қарт Қаялық (Қойлық) қаласы, Қарауылтөбе, киелі Көтен тәуіп кесенесі, әйгілі Әулиетас. Бұлардың әрқайсысы өңірдің, еліміздің тарихында ойып тұрып орын алатын қасиетті орындар. Тарихымызды тану өзімізді тану деген сөз. Сананың жаңғыруы тарихымызды тану арқылы жүзеге асады. Сондықтан осынау тарихымызбен тілдестіретін киелі жерлерді дәріптеуіміздің маңызы зор. Бұл келешекте ұлт боп сақталып қалуымызға әсер етеді. Өйткені адам өз тарихын білмей ұлт болып қалыптаса алмайды, ал ата-баба тарихын білмеу надандық! Ертеңгі ел тірегі — балаға ерте жастан бастап, тарихты танытып, қазақтың қалай ел болғанын әрбір отбасы санасына сіңіріп отырса, жау алмайтын мықты, рухты ел боламыз!
Э.Жақсыбекова,
Абай атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.