Адам өткенін жақсы білмесе, болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды. Бұл Қазақстанның өткенді білуге деген үлкен құлшынысын көрсетеді. Тарихқа көз жүгіртсек, талай қиындықтар мен тағдырдың соққылары қазақ халқының басына таяқ болып тигенін көреміз. Тәуке хан – қазақ халқының тарихи санасында өзінің кемеңгерлігімен, даналығымен, ақылдылығымен, әділдігімен, бітімгерлігімен сақталған хандарымыздың бірі. Қазақ тарихы туралы тұңғыш көлемді еңбек жазған А.И.Левшин оның тарихи тұлғасына мынадай сипаттама берген болатын: «Ол бірнеше жылдарға созылған қантөгіс соғыстарды тоқтатып, өзара қырқысуларды тыныштандырды, ол өзінің ақылымен және әділеттілігімен басқаларды бағындыра білді, ол мықтыларды тыныштандырып, әлсіздерді біріктіру арқылы күштілерге қарсы тұра алатындай етті, ол жалпыға ортақ заң шығарып, сол заңмен өмір сүргізді, қазіргі күнде ол заң қазақтардың есінде сақталған».Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы.
Халық зердесінде Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп еске алынады. А.И.Левшин Тәукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген.
Әз Тәуке билерді құрмет-теген, жоғары қойған. Нәтиже-сінде «Жеті жарғы» заңдар жинағы шықты. Жауынгершілік заманда, қазаққа жоңғарлар шабуылдап тиіскенде, Тәуке хан батырларға сүйенуге тура келді. Сондай батырлардың бірі, бірегейі Садырдың ұранына айналған тұлға, батыр Алдияр баба. Алдияр Елкеұлы шамамен (1641-1712) — қазақ-қалмақ соғысына қатысқан аға батыр. Есімі Садыр руының ұранына айналған. Ол өз еліндегі Тәуімбет сияқты ру басшыларымен сиыса алмай, қырғыз манабы Сарудың қарамағында қызмет атқарған. Жасы отыздан асқанда қырғыз қызы Ханшайымғa үйленіп, одан Қырықсадақ, Қырғызшора деген ұлдары дүниеге келеді. Кейін Тәуке ханның шақыруымен елге оралады. Бірақ Тәукенің Жоңғар хандығына қарсы кейбір әрекеттеріне наразы болады. Тәуке Севан Рабданның өз ордасына келген елшілерін қырып тастамақ болады. Бұған Алдияр бастаған бірнеше батыр қарулы қарсылық көрсетіп, елшілікті аман-сау еліне қайтарады. Бұл оқиға шамамен 1704-05 жылдары болған. Тәуке жасақтарымен болған қақтығыста Алдиярдың інісі Майдан бастаған көп адам қаза табады. Алдияр 1696, 1698, 1701, 1710 жылдардағы қазақ-қалмақ шайқастарының бел ортасында жүріп, Садыр руы жасағына аға батыр болған. Батырдың Қырықсадақ пен Қырғызшорыдан басқа Қуат, Кененбай, Дөненбай (шешелері Таубике), Асан, Медет, Кенжебай (шешелері Ежеп), Ақпан, Тоқпан (шешелері Жібек) деген 8 ұлы болғаны белгілі. Шыршық өзенінің жағасындағы Төлек, Қылышты ата дейтін ескі зиратқа жерленген. Алдияр туралы жазба деректер Қазақстан мен Қырғызстанда сақталған.
Елбасы: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деп түсіндіреді. «Ұлы даланың жеті қыры» атауымен халыққа жол тартқан бұл мақала тамыры тереңде жатқан төл тарихымызды қайта жаңғыртуға бастама болмақ. Мемлекет басшысы төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ұрпақтың болашағы зор болатындығын айтады. Жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізге оң көзқараспен қарауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосса, «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашары сөзсіз. Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі жастар, яғни оқушылар өткен тарихтағы өр тұлғалардың ұрпағы екендігін мақтанышпен айтуы тиіс.
Б.Абдыбаев,
М. Жұмабаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.