«Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілімен араб әліпбиі тарала бастады. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылады.1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби- «Біртұтас түркі әліпбиін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кирилл әліпбиіне ауыстырылды. 1940 жылы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиінен кирил графикасы негізіндегі жаңа әліпбиіне көшу туралы» заң қабылданды. Осылайша қазақ тілінің алфавитін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.
Қазақстанда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе кешелі — бүгін ғана көтерілген жоқ. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғалы бүгінгі күнге дейін өзекті күйінде талқыланып келеді. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та жиі айтады.
Қазіргі қазақ жазуында қолданып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірегейі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп есептейміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Латын алфавитіне көшу, сайып келгенде ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Латын әліпбиіне көшу- қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан- жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданыстағы артық кірме сөздерден арыламыз.
Латын әліпбиіне көшу іс-шараларының барлығы бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін айтуымыз керек. Дүние жүзінде бүкіл ақпараттың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латын алфавитіне көшудің пайдасы өте көп. Сондай- ақ, бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады деуге болады.
Сондықтан Қазақстанның латын алфавитіне көшу еліміздің болашағын қандай бағытта дамуын көрсететін бір белгісі деп қарастырсақ та болады.
Жазу — әрбір халықтың рухани,мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір.
Р.Балғынбаева, М.Маметова атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.