Бағдарлама аясындағы жүйелі жұмыстар

 2020 жылдың 5 ақпан күні ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өткізілді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын жүзеге асыру аясында Мемлекеттік хатшы отырыс қорытындысы бойынша бірқатар жұмыстарды жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай жуырда аудандық әкімдікте әлеуметтік желі қолданушыларымен тікелей эфир шарасы өткізілді. Мәйекті мақала аясында қолға алынған шаруалар турасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша Сарқан ауданында атқарылған жұмыстар және 2020 жылға арналған жоспарлар туралы» атауымен аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев баяндама жасап, желі қолданушыларымен жан-жақты мәліметтерімен бөлісті. Спикер өз сөзінде Сарқан ауданы бойынша  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру бойынша тиісті шаралар қабылданғандығын, бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру мақсатында аудандық комиссия құрылып, межеленген алты бағыт  бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда екендігін жеткізді. -Сондай-ақ ауданымызда 6 жоба аясында жұмыстар жүйелі  жүргізілуде,- деген Ғалымжан Қанатұлы айтар ойын нақты сандармен өрді. -Жалпы, бағдарлама аясында 2017-2018 жылдар аралығында 41  жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда Бақалы ауылында қоғам  қайраткері Мұхтар Арынға арналған ескерткішті балалары мен туыстары орнатты. Алматы облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің демеушілігімен Сарқан қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, бар саналы ғұмырын қоғам тыныштығын сақтауға арнап, ел үшін еңбек еткен қоғам және мемлекет қайраткері, милиция генерал-майоры Болсамбеков Әбдіқадыр Болсамбекұлына арналған ескерткіш-бюст орнатылды.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, олардың спортпен айналысуына жағдай жасау және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауданымыздың тумасы, меценат Ерлан Қожасбайдың демеушілігімен Сарқан қаласында 4 Стрит воркаут  ашық жаттығу алаңдары және аудандық ардагерлер ұйымының шешімімен шаруа қожалық басшыларының көмегімен Сарқан қаласы орталығында ардагерлер үйі бой көтерді.

Сондай-ақ бағдарлама аясында 30 мың 502 аудан тұрғындарының қатысуымен 816 түрлі деңгейдегі шаралар өткізілді. 2019 жылы бағдарламалық мақаланы іске асыру бойынша 10 жоба, 154 әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, оған 8 мыңнан астам адам қатысты.       

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Лепсі ауылында кәсіпкер Руслан Саттыбековтың бастамасымен ауыл жастары және «Лепсі Асар» қоғамдық қорының демеушілігімен «Бөрлі» спорт алаңы салынды және аталмыш кәсіпкер өзінің туған жері Лепсі ауылының кіреберісіне Ұлы Жеңіс мерекесінде арка құрылысын аяқтап, ашылу рәсімін өткізді.

Сонымен қатар, Абай ауылында Жамантаев Бекен және т.б. азаматтардың демеушілігімен Тасарық орта мектебінің жанындағы ескі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, «Үлгі спорт кешені» ретінде өз есігін ашты. Және көп балалы, аз қамтылған отбасыларға 5 үй ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер атынан берілсе, «Абдрахимов» жеке шаруа қожалығы өз жұмысшыларына арнап 5 үйді салып берді. Сарқан ауданы аумағындағы халық жадындағы қасиетті мекен, қастерлі орындар жайлы «Кие қонған, Қыдыр дарыған Сарқан» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша ауданның өнегелі тұлғалары туралы «Сарқан ауданының табысқа жеткен тұлғалары» атты кітаптар жарық көрді. Биылғы жылы «Туған жер» жобасы аясында Алдияр батырға арналған ескерткіш орнату мақсатында арнайы қор құрылып, тиісті алғышарттар жасалу үстінде,- деп сөзін түйіндеген Ғалымжан Қанатұлы бұл бағыттағы шаруалар қатаң бақылауға алынғандығын, бағдарлама аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: