Жақында Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театры ауданымызға «Мұхаметжан Тынышбаев: үзілген тамыр» атты спектакльмен келіп қайтты. Қойылым алдында аталмыш театр директорының орынбасары Ғалия Темірбаевамен аз-кем дидарласудың сәті түскен болатын.
–Халқымыздың айтулы азаматы Мұхаметжан Тынышбаевтың өмірін арқау еткен туындыны алып келдік бүгін жерлестерінің назарына,-дейді Ғалия Әмірхамзақызы. — Өкінішке орай қазіргі таңда ұлтымыздың ұлылары Мұхаметжан, Әлихан есімдерін білмейтіндердің бар екені қынжылтады. Тіпті білім саласындағы басшылардың Тынышбаев туралы білмеген жайттары болған. Бұл енді масқара жағдай. Тарихымызды жете танымайтын жастар көп. Біздің келуіміздің бір мақсаты да осынау олқылықтың орнын толтыру, кемшіліктің алдын алу.
Жалпы, биыл театрымыздың құрылғанына 45 жыл толады екен. 1975 жылы 4 қараша күні «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен театрдың алғашқы сахна шымылдығы түрілген болатын. Қазіргі таңда репертуарымызда 60 шақты қойылым бар.
— Ұжымдық жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
-Алдағы жоспарымыз ауқымды. Арнайы бөлінетін вагонмен, Тынышбаев атамыз салған темір жолменен сәуір айында оңтүстік өңірлерге, Тараз, Шымкент, Түркістанға гастролдік сапармен бару жоспарда бар.
Сонымен киелі сахна шымылдығы ысырылып, көрермендер режиссер-драматург Ерсайын Төлеубайдың «Мұхаметжан Тынышбаев: үзілген тамырына» ден қойды. «Мұхаметжан Тынышбаев!» деп сақ еткен дауыс неткен асқақ естіледі десеңізші?! Артынша бар сән-салтанатымен, сымбатымен тұлғаның өзі көрінеді. Қойылым Алаш қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш инженер М.Тынышбаевтың азапқа толы тағдырлы ғұмырынан сыр шертеді. Сол тұстағы аярлық, арамдық, сатқындық, қиянат пен азапты сахна саңлақтары шебер көрсете білді. 5 жылға жоспарланған Түркістан-Сібір темір жолын 3 жылда аяқтаған темір жолшылардың жанкешті өмірлері, ұлтын шексіз сүйген перзенттің ішкі жан-дүниесінің толқынысы қойылымның өн бойынан желі тартып, көрерменін біртыныспен тамашалауға мәжбүр етеді. Бір жарым сағатқа созылған қойылым көрермен көңілінен шығып, шынайы қошаметке ие болды.
М.Тынышбаев кезінде «Түрксіб – артымда қалатын ескерткіш» деген болатын. Ұлтына шынайы қызмет етуді өмірлік мұраты еткен тау тұлғаның есімі қазақ ұлты барда мәңгі жасай бермек!
П.Жеңісхан.