Көп балалы отбасыларды қолдау – қоғамның жемісі

Отанымыздың әрбір азаматы – ұлтымыздың баға жетпес байлығы, мемлекетіміздің тірегі. Еліміздің өркендеу жолында ата заңымызды негіз етіп, жаңғыру бағдарында ауыз біршілік пен бауырмалдықты басты назарда ұстау қажет екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Мәселен, бүгінгі күні әлемді шарпыған індеттен сақтану үшін жер жүзінің барлық елдері арнайы бағдарламаларды жүзеге асырып, ғаламшарымыздың баршаға ортақ шаңырақ екендігін жарыса айту үстінде. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 наурыздағы номері 285 Жарлығына сәйкес ел аумағында да Төтенше жағдай жариялануы – ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуден туған маңызды шешім. Соның ішінде, Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту арқылы қоғамызды дамыту мәселесі де негізгі күн тәртібінен түспей келеді. Сондықтан Елбасымыздың 2016 жылы 8 желтоқсанда бекіткен Жарлығына сәйкес, 2020-2021 жылдарға арналған жоспарды жүзеге асыруда Сарқан аудандық пробация қызметінде бірқатар жарасымды істер жалғасын тапқан. Ел президентінің биылғы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялануына байланысты да пробация бөлімінде оңтайлы науқандар жүзеге асып, карантин режимінде жаңаша өріс алып отыр. Осы аралықта бөлім есебінде тұрған тұлғалар арасынан кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленетін әл-ауқаты төмен отбасылар іріктеліп, дер   кезінде оларға әлеуметтік-құқықтық қөмек көрсету қолға алынды. Қайырымды істердің тізбегінен арттырып, қоғамды гүлдендіру мақсатында Сарқан қалалық әкімдігімен бірлесе «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Акция барысында аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған 4 көпбалалы отбасыға 1 қап ұн және май түріндегі тұрмыстық азық-түлік жеткізілді. Материалдық қолдау көрсетіліп, шараның соңы еріктілер мен отбасы мүшелерінің өзара бір-біріне құрмет танытуымен өрнектелді. Қайырымдылықтың негізгі мұраты-көмек қажетсінетіндерге білдірілетін сүйіспеншілік екендігі белгілі. Сол себептен Сарқан аудандық пробация қызметі бөлімінің мамандары көмекке мұқтаж адамдарға үнемі қол ұшын созуды азаматтық міндеті деп санайды.

Т.Жарманова,

аудандық пробация қызметі бөлімінің  бастығы,

 әділет капитаны.

Мәліметпен бөлісу: