Ұстаз есімі ұлықталды

Ұлылықтың басында тұра-тын ұстаз есімі қашанда қадірлі. Жыл айналып келетін халықаралық ұстаздар мерекесі осынау шындықтың шырайын кіргізіп, тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жуырда Қойлық ауылындағы К.Қазыбаев атындағы мәдениет ошағында өткен салтанат аудан ұстаздарының мәртебесін өсіріп, абыройын асқақтатты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші биылғы мейрам еркін сипатымен ерекшеленді. «Ұстаз — ұлы тұлға» атауы аясындағы салтанатты жиынды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтау лебізімен ашты: — Құрметті ұстаздар! Қадірменді білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Білімнің бастауы саналатын күз мезгілінде келетін тағы бір ерекше, көркем мерекелердің бірі – ұстаздар күні. Осы орайда, жылдағы қалыптасқан дәстүрмен төл қуаныштарыңызға арналған салтанатты шарада өздеріңізбен кезекті мәрте кездесіп отырмыз. Жауапкершілігі жоғары, жүгі ауыр, абыройлы міндетті атқарып жүрген жандарға құрмет әркез ерекше. Саналы ғұмырының басым бөлігін өскелең ұрпақтың оқу — тәрбиесіне арнап, терең білімін шәкірттерінің бойына дарытуды мақсат еткен ұлағатты ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Осылай деген Ерғазы Қошанбекұлы білім саласының алдында тұрған нақты міндеттерге, ұлағатты ұстаздардың нәтижелі жұмысының негізінде қол жеткізілген жетістіктерге кеңінен тоқталып, жауапкершіліктің молдығын атап өтті.

-Елбасының алға қойған айқын мақсаттарына біліммен мықты қаруланған ұрпақ қана жете алады. Балалардың бойында отан-сүйгіштік қасиеттер мен ұлттық рухты қалыптастыруда ұстаздарға жүктелер міндет орасан. Ұлттық біздің кодымызды сақтау бұл әрине жанұядан басталғаннан кейін ары қарай ұл мен қыздарымыздың бойына сіңіретін ол – ұстаздар қауымы.

Осылай деп ой өрбітіп ұстаз ұлылығын сөзіне арқау еткен өңір басшысы салиқалы ойын тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы үшін ұстаздар тарапынан жасалып жатқан іске сәттілік тілеп түйіндеді. Марапат рәсімінің бастауында аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков білім саласына қосқан зор үлесі үшін Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні Абай атындағы мектеп-гимназия директоры Нұрзиля Есенғұловаға салтанатты түрде табыстады. Мерей өсіретін марапат легін саладағы табысты еңбегі үшін Алматы облысының білім басқармасының Құрмет грамотасын иеленгендер жалғаса біраз жанның кеудесіне Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі арнаулы төсбелгі болып қадалды. Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымының Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлығын алғандардың жүздері жарқын болды. Сондай-ақ жетістіктерімен өзгелерге үлгі болып жүрген бір топ ұстаздар аудан әкімінің Құрмет грамотасын, «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан соң ауданның бас ұстазы Панар Иманғазиева әріптестеріне деген мерекелік лебізін білдірді. Сөз басында атап өтілгендей салтанатты жиын жаңалығы әрқайсысы бір-бір құрмет арқалаған атаулардан тұрғаны болды. «Зейнеткер ұстаз» номинациясында жарты ғасырға жуық білім саласында табанды еңбек еткен қарт ұстаздарға құрмет көрсетілсе, «Балалар біздің болашағымыз» кезеңінде кішкентай бүлдіршіндердің өнерлері көрермендер сүйіспеншілігін, сүйсінісін тудырды. «Жас маман» атауымен биылғы жылы мұғалімдікті мерей көрген 38 жас сахна төрінде тізбек құрып, өзіндік болмыстарымен көпшілікке іштей «Сәт-сапар» тілеткендей болды. «Жаңашыл зерттеушіде» көтеріңкі көрсеткіштерімен ауданның білім саласының көшін бастап тұрған Н.Островский атындағы мектеп-лицейі өнер көрсетті. Ұстаз деген ұлы есімнен нұрланған, шапағат шуағын алған айтулы шара әуезді әнмен, көзге ыстық көріністермен көркемделді. Ұстаз жүректерге жылылық сыйлаған салтанат соңы ақ тілектерді арқау еткен мерекелік дастарханмен аяқталды.

С.СҮЛЕЙМЕНОВА,
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: