Мен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 2-ші курс студентімін. Болашақ «Дінтанушымын». Қазірге дейін өз мамандығымды таныстыра бастасам болды: «Имам, уағыз айтатын адам боласың ба?»,- деген сұрақты жиі естимін.Осы сұрақтың нүктесін мақаламда қойып өткім келеді.Дінтану мамандығын бітірген студент, мешітте имам, уағыз айтатын маман болып шықпайды.
Қазіргі таңда дін мамандары екі бағытта: дінтанушылар мен теологтар болып даярланады.Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыда зерттеп, жалпы әлемдегі барлық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса, теологтар–құдайды,дінді ішкі жағынан, діни тұрғыда зерттеп,құдай идеясын мойындайтын ,негізгі діндерді,ең алдымен әлемдік діндерді зерттейді. Өз мамандығымды толықтай ашсам.Дінтану– зерттеулік ізденіске негізделген, діндердің пайда болуын,дамуын, қызмет ету заңдылығын, діндердің құрылымы мен түрлі компоненттерін , көпқырлы феномендерін ,қоғамдағы орнын ,діндер мен мәдениет салаларымен өзара баланысы мен әрекеттестігін зерттейтін мамандық. Дінтану мамандығында адамның діни өмірі басты назарға алынады,ал соны дінтанушы дер кезінде байқай отырып, зерттеу пайымдамасын шығаруы қажет.Дінтанушы,дін мен оның ағымдарын талқылау үшін,халыққа ол ағымдарды кімдер, қандай мақсатпен ашқанын, тартқанын,тарихын түсіндіре білуі қажет.
Бір сөзбен айтқанда,зерттеушілік ізденіске негізделе отырып дамытылған мамандық.Діни мәдениет пен шынайы руханилық – маңызды гуманистік құндылық,осы екі құндылықтарды бойынан жинаушы дінтанушы болып табылады.Дінтанушы ақыл-парасаты, жеке өзі жинақтаған мәдениетімен, рухани дүние байлығымен ,шығармашылық әлеуметімен , жауапкершілік сезімімен даралануы тиіс. Әрбір дінтанушы үшін,өзінің наным-сенімі және дінге қатысты жеке көзқарастарын өзінде ұстай отырып,өз жұмысына тиянақты болуы бірінші орынға қойылады.Дінтанушының бойында: тарихшының – зерттеушілігі, философтың – ой-толғамы,психологтың – байқампаздығы,әлеуметтанушының – ортаға тез сіңіп кетушілігі,саясаттанушының – сақтығы,ұстаздың – түсіндіруге қабілеттілігі болуы тиіс. Неге десек, қазіргі уақытта дінтану мамандығы зерттеу тақырыбына сәйкес түрлі ғылыми пәндер кешені ретінде танылады. Сол себепті, дінтану мамандығы, дінтанушы қоғамда болып жатқан өзекті сұрақтарға нақты жауап бере алады.
Дінтану – бұл діни өмірдің институциялық формасын және діни ілімдер тарихын зерттей отырып, мынандай факторлармен жұмыс жасайды:діни- мәдени мұра, діни өнер,діни жазба ескерткіштері,діни білім және ғылыми зерттеулер қызметі, дінге тән құқық,діндер тарихынан сыр шертетін археологиялық ескерткіштер ,діни ілімдер мен діни ұйымдар арасындағы өзара қатынас тарихы мен қазіргі ахуалын зерттейді.Сондықтан жоғары кәсіби білім беру жүйесінде дінтану мамандығы зайырлы тұрғыдан о қ ы т ы л а д ы . Ежегі Еуропадағы университеттердің бірі, ірі ғылыми орталық, атақты Кембридж университетінде де ең алғашқы төрт мамандықтың бірі «ДІНТАНУ» мамандығы болған,ал Қазақстан жерінде дінтанушылық білім тарихы 1920-шы жылдан бастау алды.Осы жылы дарынды ұрпақты даярлайтын дара мекен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті «Дінтану» мамандығының 20 жылдығын тойлады.Мен өзімнің білімді де білгір, білікті дінтанушы болып шығатыныма сенімдімін.Еліме пайдасы тиетін, керекті мамандықта оқып жатқаныма қуаныштымын!
Диана МЕЛІС,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 2-ші курс студенті. Жетекшілер: аға оқытушы, PhD Мұқан Нұрзат, Абдуллаев Нұржан.