Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлемдерден басты айырмашылығы қандай? Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады және қандай мөлшерде? Осы сауалдарға жауапты аудандағы әлеуметтік көмек алатын топ өкілдері Сарқан гуманитарлық колледжінде өткен жиыннан тапты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев жүргізіп, облыстық жедел топтың мүшесі Назгүл Молбосынова келер жылдан бастап күшіне енетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну болып табылатынын, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіретінін нақты мысалдармен атап көрсетті. Осы атаулы көмек аясында жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі. Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.
Жиында сонымен қатар шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылатыны, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы болып табылатыны жан-жақты түсіндірілді. Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда қарастырылатын жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігін де жедел өкіл көпшілік көкейіне құйды.
Атаулы әлеуметтік көмек алып келген көп балалы және жалғызбасты отбасылар тарапынан қойылған көкейкесті сауалдарға Назгүл Молбосынова, Ғалымжан Маманбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Оралбек Тертюбаев толыққанды жауап берді.
Ж.МАҚАТҰЛЫ.