Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің толыққанды мемлекет болып қалыптасуы үшін тар жол, тайғақ кешуден өтуі тиіс болды. Себебі тәуелсіз мемлекеттің ең алдымен шекарасы шегенделуі керек, экономикасы тұрақтануы тиіс, мемлекеттік рәміздері, төл валютасы болуы қажет. Осы ұлы мақсаттар жолында бұрынғы КСРО – дан еншісін алып шыққан егемен елдер Тәуелсіз мемлекеттер одағына бірікті. Сол бір қиын кезеңде Тәжік мемлекеті Ауғанмен шекарасын қорғауға шамасы келмей достастық елдерінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Сондықтан ТМД – ға мүше Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттері 1992-2001 жылдар аралығында Тәжік – Ауған шекарасын қорғауға ат салысты. Қазақстан батальонының құрамында көршілес елдің шебін қорғау біздің де маңдайымызға жазылыпты.
Шымкентте әскери міндетімді өтеп жүргенмін. Бір күні командиріміз көршілес Тәжік елінің шекарасын қорғауға ниет білдіргендерді саптың алдына шақырды. Саяси сабақтарда әбден санамызға сіңісті болған: көршілес елдер шекарасы арқылы енген моджеһедтер қару, оқ – дәрі өткізіп діни лаң салады, апиын саудасын қыздырады, жастардың санасын улайды, Ислам мемлекетін құруға қадам жасайды. Демек көрші елдің шекарасын қорғау еліміздің ертеңі үшін керек. Осы сенім бізді саптың алдына шығарды. Тілек білдірген екі жүз сарбаздың ішінен іріктелген 150-іміздің Таулы Бадахшанның дәмін татуымызға тура келді.
Екі елдің арасын адам аяғы баса алмайтын биік таулар, шың-құздар бөліп тұр. Сол тау-тас арасындағы сүрлеу-соқпақтар біздің жіті назарымызда. Көзін ашқаннан бастап атыс-шабысты естіп, соғыс тәсілін меңгеріп өскен моджеһедтер өлімнен қорықпайды, көзсіздікпен қарулы қақтығыстарда алға ұмтылады. Көңілін кірбің шалмаған, судай аққан қанды туғалы көрмеген аңғал жігіттерміз ол кезде. Көз алдыңда қаруластарыңның баудай түскені естен шықпайды екен. Осылайша өліммен беттесіп жүріп жауынгерлік парызымды өтедім.
Әскерден соң жиырма жылдай Талдықорғанда тұрдым, ішкі істер саласында қызмет атқардым. Кейінгі үш жылда туған ауылым Бақалыдамын. Әке-шешем қартайып қалаға көшкісі келмеген соң отбасыммен қарашаңыраққа оралдым. Өзім оқыған К.Қазыбаев атындағы мектептің шаруашылық ісінің меңгерушісімін.
Таулы Бадахшандағы жауын-герлік жолымыз тәмамдалғаннан бері бізді Отан бұйрығымен қарулы қақтығысқа қатысты ғой деп ешкім де елеп ескермеді. Өткен жылы Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұрат Мұхаметхановтың ұзақ жылғы талап-тілегі ескеріліп, үкіметіміздің 6-шы мамырдағы шешімімен Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқандар Ардагерлер санатына енді, ардагерлерге тән жеңілдіктерді пайдалану құқығына ие болды.
Сарқан ауданында Тәжік-Ауған шекарасында әр жылдары қызмет атқарған он бес қаруласымыз тұрады. Атап айтқанда Пограничник ауылынан Ербосын Қаленов, Қарабөгет ауылынан Ғазиз Желеубаев, Қарауылтөбе ауылынан Айбек Қасымов, Сарқан қаласынан Руслан Нұрғожанов, Бауыржан Байшіліков, Оралхан Иманберлинов, Ақтұма ауылынан Марат Жақсыгельдинов, Досмұхан Атиев, Қадырхан Атиев, Жанымхан Атиев, Алмалы ауылынан Ерік Тұрсынов түрлі салада еліміздің өркендеуіне үлес қосуда. Қаруластар бас қосып Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және қақтығыстарға қатысушылардың Республикалық Қоғамдық бірлестігінің Сарқан ауданы бойынша филиалын құрып, мені бірауыздан төрағалыққа сайлады.
Біз кезінде шекара шебінде тұрып, тәуелсіздігіміздің қолдан шығып кетпеуін, сыртқы жаулар жылы ұямызды ойрандамауын басты мақсат тұттық. Осы патриоттық сезіммен тәрбиеленген бүгінгі жас буын тәуелсіздікті сақтаудың аса маңызды екендігін естен шығармауы тиіс.
Аслан ҚҰСАИНОВ,
Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарына және қақтығыстарына қатысушыларының Республикалық Қоғамдық бірлестігінің Сарқан ауданы бойынша филиалының төрағасы .