Ұранға айналған ұлы тұлға

Қай елдің тарихында болмасын ірі тұлғалар аумалы-төкпелі кезеңдерде өзінің халық алдындағы тарихи міндетін орындау үшін тарих мінберіне көтерілетіні белгілі. Қазақ елі үшін соңғы бес-алты  ғасырлық тарихында ең ауыр болған кезеңнің біріне – шығыстағы көршісі Жоңғариямен болған соғыстар жатады. Жүз жылдан астам уақыт бойы жүргізілген соғыстар қазақ халқының небір ұлдарын батырға айналдырып, есімдерін халық жадында мәңгіге қалдырады. Тәуелсіздік алғанға дейін біз көптеген батырларымызды білсек те ұлықтай алмадық, тек соңғы жиырма жылда ғана тұлғалар алдындағы парызымызды өтей бастағандаймыз. Бірақ ол іс әлі толық аяқталған жоқ. Әлі де болса, қазақ жерінің тұтастығы мен халқының  азаттығы үшін күрескен талай тұлғаларымыздың тарихи рөлі ел тарихында өз орнын ала алмай келе жатыр. Сондай тұлғалардың біріне – есімі өз руының ұранына  айналған, заманында есімін талай қазақ баласы қорған қылған, ал жауларының құтын қашырып мойындатқан  – әрі батыр, әрі би, әруақты тұлға Садыр Алдияр батыр жатады. Қалың көпшілік түгел, тарихшылардың басым бөлігі  Алдияр батырды Найманның садыр руының ұранына айналған тұлға деп біледі де, оның өмір жолы мен ерлік істерін біле бермейді.

Тарихи материалдар мен шежірелік деректер Алдияр батырдың шығу тегін былайша көрсетеді: Найман, одан Төлегетай, одан Қытай, одан Садыр, Садырдан Тоң, одан Түгелбай, одан Жаңатай, одан Жадық, одан Діңгеліс, ал Діңгелістен – Елеке мен Тауымбет атты екі ата тармақталып шығады. Ал Елекеден – Алдияр, Құдияр, Құрмантай, Ізбасар және Майлан есімді ұлдар дүниеге келеді [1, 223]. Кейбір материалдарда Алдияр батырды шамамен 1641 жылы дүниеге келген деп айтылады.

Қазақ тарихында  ХҮІІ ғасырдың екінші жартысы, яғни Жәңгір хан қайтыс болғаннан Тәуке хан таққа отырғанға дейінгі 1650-1680 жылдар аралығы   мүлде көмескі. Бұл жылдары қазақ қоғамында бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік жүйе әлсіреп, ел ішінде  заңдық принциптің орнын әлімжеттілік принцип ауыстырады. Өзара қырқысулар мен бітіспейтін дау-дамайлардың ең белең алған жылдары болады. Алдияр батыр да осы жылдардың «құрбаны» болған секілді. Тарихшы Ә. Хасеновтің айтуына қарағанда Алдияр батыр өз еліндегі Тауымбет сияқты ру басшыларымен сиыса алмай, қырғыз манабы Сарудың қарамағында қызмет атқарады. «Қырғыз биі Сарудың Ханшайым деген қызынан Қырықсадақ, Қырғызшора деген егіз екі ұлы болған. Бірақ бұлар Сару бидің ұлдары атанып, қырғыз ішінде қалады» [2, 264-265]. Бұл материалға қарағанда турашыл Алдияр батыр әрі туысы, әрі ру басшысы Тауымбеттің әділетсіздіктеріне, озбырлықтарына  шыдамай  елден кеткен секілді. Ал Алдияр секілді батырды көрші елдегі қырғыз манабының қарамағына алуы өзінен өзі түсінікті жайт.

    Дегенмен қазақ қоғамында бірлікті, елдікті қолдаушы топтар белең алып, олар 1680 жылы Тәуке ханды билікке әкеледі. Тәуке хан да өзіне ниеттестерді жинай бастайды. Сөйтіп ханның арнайы шақыруымен Алдияр батыр елге қайта оралады. Батырдың ұрпақтарының айтуына қарағанда Алдияр батыр Тәуке ханның оң жағында бірінші болып отыратын аға батыр болыпты [1, 220].

    Алдияр батырдың ерліктері мен ел үшін істеген істері  ел аузында ғана сақталған. Солардың біріне Тәуке ханның тапсырмасымен қарақалпақтарға жасаған қазақ жасақтары жорығының жеңіспен аяқталуы жатады. Сол заманда қазақ пен қарақалпақ арасы ушығып, екі жақ бір-біріне жорықтар ұйымдастырады. Тәуке ханның жасаған бірнеше жорығы сәтсіз аяқталған екен. Оған себеп қарақалпақтың шекара маңындағы қарауыл әскері қазақ қолының келе жатқанын біліп, өз хандарына дереу хабар жібереді екен де, олар дер кезінде әскер жиып, қарсы шығып отырыпты.  Ал қазақ жасақтары болса тұтқұйылдық факторынан айырылып, мақсаттарына жете алмай, кері оралады екен. Алдияр батырдың «жайшылық» қасиетінің бар екенін білетін Тәуке хан келесі бір жорықты батырға жүктепті [1, 220]. Жайшылық қасиет дегеніміз ол – арқалы, әруақты адамдардың қажет кезінде табиғат құбылыстарына ықпал етіп, жаңбырды, тұманды, найзағайды туғыза алатын қасиетін айтады. Ондай қасиетке тек ерекше адамдар ғана ие бола алады. Мысалы,  ХІХ ғасырдағы Жанқожа батырдың сенімді серіктерінің бірі Ақтан батыр осындай қасиеттері үшін  – «Ақша бұлтты Ақтан батыр» деп аталған. Ол қажет кезінде Қоқан бекінісіне жаңбыр жаудыртып, қазақ қолының бекіністі алуына көмегін тигізген екен.

Қазақ қолын басқарған Алдияр батыр қарақалпақ шекарасына бір күндік жол қалғанда тұман мен жаңбыр шақыртып, қарауыл әскердің қазақ қолын аңғаруына мүмкіндік бергізбепті. Сол жорықта Алдияр батыр бастаған қазақ жасақтары жауын жеңіп, толық мақсатына жетеді. Тіпті қарақалпақ ханын тұтқындаған екен [1, 220-221]. Бұл жеңіс – Алдияр батырдың халық есінде сақталып қалған көп жеңістерінің бірі ғана.

Қазақтардың сол замандағы негізгі қарсыласы, әрине жоңғарлар екені белгілі. Алдияр батырдың атақ-даңқы қазақ жерінен асып, жоңғарларға да белгілі болса керек. Қазақ-жоңғар қарым-қатынасында да батырдың беделі көп рөл атқарады. Ол жөнінде  мынадай тарихи аңыз-әңгіме ел арасында сақталыпты. М. Тынышбаев жазып алған деректің мазмұны мынадай: «Бірде қазақтармен келіссөз жүргізуге жоңғар хантайшысының өзі келіпті. Хантайшы мен Алдияр батыр келіссөздер жүргізіп, екі жақ арасындағы қақтығыстардың бәрін тоқтатып, бейбіт өмірді сақтауға келісіпті. Келісімнің нәтижесін Алдияр батыр Тәуке ханға келіп хабарлаған екен. Бірақ Тәуке хан бұл келісімді қабылдамай, батырға жоңғар хантайшысын тұтқындап, өлтіруге бұйырыпты. Батыр ханға қонақжайлық шартын бұзбау керектігін алға тартады. Бірақ Тәуке хан айтқанынан қайтпапты. Сонда Алдияр батыр шарт кетіп, өзіне келген қонақты ұстап бермейтінін айтады да, хан жіберген жасаққа қарсы қол жинайды. Ақыры хан жасағы мен батыр қолы арасында қақтығыс болыпты. Сол қақтығыста батырдың Майлан атты інісі қаза тапқан екен. Алдияр батыр ылғи да, «Майлан, ажалың әлде қайдан» деп отырады екен. Қалмақ үшін қазақтар қақтығысып, ақыры бірін-бірі ала алмайды. Келесі күні Алдияр батыр қонағын үлкен сыймен еліне шығарып салыпты. Сол шайқас пен Майлан батырдың қазасы туралы ел ішінде мынадай бір шумақ өлең қалған екен:

«Ұзын ағаш Төйкеде келді қалмақ,

Хан Тәуке басып барып басын алмақ,

Келмегірдің қалмағы қайдан келді,

Екі қазақ соғысып Майлан өлді» [1, 221-222].

Бұл арада ел аузындағы дерек мәліметі болған оқиғаның маңызын асқақтату үшін жоңғар хантайшысы мен Тәуке ханды, Алдияр батырды оқиғаның басты кейіпкерлері етіп отырғаны белгілі. Дегенменде бір нәрсе анық, ол – Алдияр батырға жоңғарлар тарапынан жоғары шендегі бір ноянның, бір тайшының немесе бір елшінің келгені. Ал онымен қақтығысқан жоңғарлармен соғысуды қалайтын қазақ батырларының бірі болса керек. Дерек мәліметі Алдияр батырдың көршілес елмен  бейбіт қатынасты сақтауға күш салған тұлға екенін көрсетеді. Тарихшы Ә. Хасенов бұл оқиғаны 1704-1705 жылдары болған деп есептейді.

Жаңағы біз келтірген деректің соңы тіпті қызық. Жоңғар хантайшысы еліне аман-сау оралғаннан кейін, Алдияр батырдың ісіне өте риза болады да, жоңғар тұтқынындағы Алдияр батырдың руының адамдарын, сосын наймандардың бәрін босатады. Бара-бара Алдияр батырдың атын атаған әрбір қазақ жоңғар тұтқынынан босатылып отырылыпты. Бұл дерек мәліметінде  аңыздың басымырақ екені көзге көрініп тұрса да,  ақиқаттың иісін анық сезінеміз. Қалай болса да талай қазақ баласы  Алдияр батырдың есімін пайдаланып жоңғар тұтқынынан босанған дейміз. Әйтпесе, мұндай оқиға болмаса, ол дерекке мәлімет боп енбеген болар еді.

Алдияр батырдың батырлық бейнесін ашатын істер ел арасында көп тараған. Оны жинақтап, қалың көпшілікке жеткізу алдағы күндердің еншісінде деп білемін.

Алдияр батыр 1712 жылы қайтыс болып, Шыршық өзені жағасындағы Төлек, Қылышты Ата дейтін ескі зиратқа жерленіпті. Ал оның есімін Найманның Садыр руы өздеріне ұран етіп алады [1, 223].

Батырдың төрт әйелінен он ұл туып, олардың бәрі дерлік әке жолын қуады. Қырғыз әйелі Ханшайымнан – Қырықсадақ, Қырғызшора, Таубике анамыздан – Қуат, Кенембай, Дөненбай, Ежеп анамыздан – Асан, Медет, Кенжебай, Жібек шешемізден – Ақпан, Тоқпан атты ұлдар болған [3, 263-264].

Алдияр батырдың ұлдарының бірі Кенжебай Алдиярұлы 1730-1740 жылдары найманның садыр руының басшысы болып, жазба деректе қалады.    

1738 жылдың тамыз айында Орта жүз бен Кіші жүздің 58 ру басшылары Ресей билігін қабылдау жөнінде ант қабылдағаны белгілі [4, 43-46]. Орыс құжаттарында ант қабылдаған  рубасыларының есімдері ант қабылдаудағы реті бойынша беріледі. Бұл тізімде бірінші болып Найманның белгілі батыры Жанкісіұлы Қанақайдың есімі көрсетілген. Сонымен қатар тізімнен Найман тайпасының мынадай тұлғаларының есімдерін табуымызға болады: Шүрек би Байқұдайқұлұлы, Ораз батыр Қондыбайұлы, Сарықұл Қожагелдіұлы, Жарылғап Қожагелдіұлы, Айтқұл батыр Қожагелдіұлы және Кенжебай Алдиярұлы [4, 43-46].

Батырдың ұрпақтары туралы сөз қозғасақ, Ә. Хасеновтің мәліметтері бойынша  Алдияр батырдың қырғыз әйелінен Қырықсадақ, Қырғызшора атты ұлдарының ұрпақтары қырғыздар арасында қалған болуы керек, қазақтар арасында олар жөнінде ештеме айтылмайды.

Алдияр батырдың Қуатынан – Асау би, Қарақұла, Тобышақ атты үш ұл тарайды да, ол үшеуі жеке-жеке ру аталықтарына негіз қалайды. Кенембайдан – Бұлақ, Сарша, Төлеулі, Ерәлі және Мақан; Медеттен – Қайдауыл, Құлшан, Көркетай, Боранбай; Кенжебайдан – Өте, Ботақан, Барақ, Төрехан атты әулеттер өсіп-өніп, одан ары жалғаса береді [1, 223]. ХХ ғасыр басындағы есеп бойынша Алдияр батырдан тараған әулеттердегі шаңырақ пен адамдар саны мынадай  болған: қуаттар – 200-дей шаңырақ, 1000-нан аса адам; медеттер – 368 шаңырақ, 1714 адам; кенжебайлар – 400-дей шаңырақ, 2000-дай адам; кенембайлар – 143 шаңырақ, 625 адам [5, 294-402].

    Сөзімізді түйіндей келе, қазіргі кезеңде біздің ел болып болашаққа сеніммен қарап отырғанымыз тарихымыздағы жүздеген, мыңдаған  тұлғалардың арқасы. Солардың бірі – есімі ұранға айналып, өз заманында қазақ қоғамының белгілі әрі белсенді  тұлғасы бола білген  Алдияр батырдың есімін ұлықтап, қазіргі ұрпақтарға үлгі ету біздің басты борышымыз деп білемін.

Әдебиеттер:

1.    Тынышпаев М. История казахского народа / Составители и авторы предисловия проф. А.С. Такенов и Б. Байгалиев. – Алма-Ата: «Қазақ университеті», 1993. – 224 с.

2.    Хасенов Ә. Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны. – Толықт. екінші бас. – Алматы: LEM, 2020. – 416 б.

3.    Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1. – Алматы, 1998. – 263-264 бб.

4.    Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизах степных областей. –Оренбург, 1898. – 534 c.

5.    Материалы по исследованию туземнаго и русскаго старожильческаго хозяйства и землепользования в Семиреченской области, собранные и разработанные под руководством П.П. Румянцева. Т.1. Лепсинский уезд. – Вып.1. – СПб., 1911. Поаульные таблицы. – 294-402 бб.

Талғат Мекебаев,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Мәліметпен бөлісу: