Ұлттық өнердің ұлағаты мол

Қазақ қолөнерін ұмыттырмай ұрпақ жадында жаңғыртып жүргендер санатында қандастырымыз жиі ойға оралады. Кезінде батыстық мәдениетпен әуейіленіп кеткендер ата жұртына оралған ағайындарымыздың өнеріне қызығып, өшкені жанғандай қуаныш самалын жұтып жүргені жалған емес.

Біздің Ұлыстың ұлы күніндегі әңгімемізге арқау болып отырған Нұргелді Қуаныш 26 жаста. Ағаштан ою ойып, түйін түйетін шебер жайында көршілерімнен естідім. «Қолынан шыққан дүниелері көздің жауын алады» деген соң арнайы іздеп бардым да.

Ата-бабасынан бойына шеберлік дарыған Нұргелді бастапқыда басқа кәсіптердің жалынан ұстапты. Өзін алуан мамандықта сынап көрген ол ата-анасы шұғылданған атакәсіпке оралыпты. Компьютерді терең меңгерген жігіт ежелгі дәстүрлі кәсіпке заманауи сипат беруге ұмтылып, ағаштан әртүрлі кәдесыйлар жасапты. Оған өкінбейді, туындылары сұранысқа ие. Қазақ дастарханының байлығы-еттабақтары да өз иелерін тауып жатыр.

«Тақыр жерге гүл шықпайтыны» айдан анық. Нұргелдінің әкесі Қуаныш осы кәсіпке бейім. Ол да әкесінің шеберлік мектебінен өткен. Нағашылары қолөнерден құр алақан емес. Оның айғағы анасы Айгүлдің шеберлігі. Айгүлдің қолынан шыққан түскиіз, алаша, төсеніштер мен таза киізден жасалған қыз-келіншектердің  көйлегі мен қамзолы көз тартады.

Ұлттық өнердің ұлағатын бүгінгі буынға жеткізіп жүрген Нұргелді мен анасы Айгүлдің ұсынықты қолынан шыққан кәдесыйлар көпшілігіміздің төрімізге көрік берері сөзсіз.

Ж.ЖОМАРТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: