«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін жыл сайын тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Бұл күн Қазақстан аумағында тұрып жатқан этнос өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығының айғағы. Аталмыш мерекені атап өтуде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
Сәуір айының 28-де өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін маңызды қоғамдық-саяси шаралардың бірі. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды мақсат еткен сессия алаңында жаңа міндеттер қойылып, бейбітшілік пен келісімді нығайту жөніндегі Елбасы бағдарының жауапты жұмыстары күтіп тұр.
Жомарт ИГІМАН,
Сарқан аудандық мәслихатының депутаты.