Ғибратты ғұмыр

      Осындай тақырыпта Сарқан аудандық кітапханасында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында қоғам қайраткері, педагог-ғалым Мұхтар Арынның 85 жылдық мерейтойына орай әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Кеш қонақтары «Осы жұрт Арыновтарды тани ма екен?» атты тақырыпта ғылыми жұмыс жүргізіп жүрген Қарауылтөбе орта мектебінің 11-сынып оқушысы Қайыркен Аяулым және оның ғылыми жетекшісі Сейтқұлов Байжан ұлы тұлғаның ғибратты толы ғұмыры мен көпке үлгі боларлық істерін әңгімелеп, Мұхтар Ғалиұлының есімі мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті.

   Мұхтар Арын  — Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері әрі ғалым, ағартушы ұстаз. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, бірнеше жыл Ақтөбе Педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған. Ақтөбе Педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған жылдары ол институттың ғылыми-оқу базасының нығаюына атсалысып қана қойған жоқ. Өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен білімінің және кемеңгер азаматтығының арқасында ел арасында үлкен беделге ие болды. Сондықтан да ақтөбеліктер оны көзі тірісінің өзінде Нар қазақ деп атады. Тіпті, қайтыс болғаннан кейін Ақтөбе облысында рухани жұтаңдық белгілері орын ала бастаған кезде «Жас Алаш» газетінде «Арыновсыз Ақтөбе» атты материал да шықты.

   Қоғам жұмысына белсене, білек сыбана араласа жүріп егемен еліміздің тұңғыш Парламентінің депутаты болып сайланады. Мұхтар Арын ең алдымен ғалым еді. Өзінің негізгі мамандығы филология (оның ішінде германистика) болса да өз бетімен ізденіп, басқа салаларды да оқып-түйіп, тіл мен тарих, философия мен дін, өнер мен әдебиет мәселелеріне қатысты тың пікірлер айтып, батыл болжамдар жасап, соңына мол мұра қалдырды. Белгілі ғалым кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақша аталуына үлесін қосты. Сондай-ақ, ол тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздардың еңбектерін зерттеп, оны жарыққа шығаруда тер төкті.

     Мұхтар ағамыздың артында қалдырған рухани мұрасы өте көп. Соның бірі
 «Бес анық» кітабы – ұлттың ең қымбат құндылықтарын дәріптеуге арналған пайдасы көл-көсір, шапағаты орасан зор еңбек.  Кітабта  ұлттың келбетін анықтайтын бес құндылық туралы жүйелі ой-пайымдар жазылған. Автор «бес анық» деп мыналарды таниды: Бірінші анық – Тіл; Екінші анық – Дін; Үшінші анық – Дәстүр; Төртінші анық – Тарих; Бесінші анық – Атамекен. Шынында бұл бес құндылық қазақтың ұлт ретіндегі қасиеті мен болмысын, танымы мен тамырын, жаны мен рухын көрсетеді. Осылар арқылы бізді өзгелер де танып-біледі. Бұл еңбекте Бес анық, яғни, тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекеннің мән-маңызын арттыру, қазақтың қастерлі ұғымдары арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді ояту, төл құндылықтарды қайтару мәселелері қозғалады. Кітаптың тәрбиелік маңызы айрықша, тілі жеңіл, кез келген жастағы оқырманға түсінікті. Бұл еңбекті бала тәрбиесінде әрбір қазақ отбасы пайдаланса, ұлтын сүйетін, халқына адал қызмет ететін ұрпақтың өсіп-жетілуі сөзсіз.

#Qazaqstan30

 Л.Құлымбетова                         

                                                                      Аудандық кітапхана библиографы

Мәліметпен бөлісу: