Ауыл — алтын бесiк. Ауыл дегенде, оның бұрқыраған жусаны мен кең жазық даласы ерiксiз ойға оралады. Мырзапейілді ауыл мен ауыл шаруашылығы елiмiздiң экономикалық және әлеуметтiк өмiрiнде айрықша орын алатыны анық. Сондықтан да ауыл халқы елiмiздiң қоғамдық-саяси тұрақтылығының да шешушi факторы болып есептеледi. Бiрақ осындай теңеулерге лайық ауылымыздағы «Алтын су» каналы көкейкесті мәселе болып табылады.
«Алтын су» каналы 1943 жылы Лепсі ауылдық округін басып өтіп, Көкжиде ауылындағы егістік аумағын суландыру үшін қазылған. Ауылда қалған қариялар, жас балалардың күшімен Лепсі кентінен 6 шақырым жерден бастап тау бөктерінен қолмен қазылып, 16 шақырым су ағатын арық жүйесі жасалған болатын. Ол кезде су деңгейі жоғары болғандықтан өмір нәрі 16 шақырым арық арқылы ағып Көкжиде ауылын басып өтіп, Лепсі өзеніне қайта құйылатын. Кейінірек су тасқыны кезінде арықты су басып қалмау үшін бас жағына платина салынды. Себебі, бір шлюзден су өзенге құйылса, екінші шлюзден су ауылға қарай арық арқылы ағатын болған.Аталған шлюздер арқылы мамандар су мөлшерін өлшеп отырған. «Алтын су» каналы арқылы Лепсі және Көкжиде ауылдарының тұрғындары бау-бақша өсіріп, жыл сайын өнім алып әл-ауқатын арттырған-ды. Колхоз, совхоз кезінде ауыл тұрғындары мал азығы үшін жүгері, тары және басқа да дақылдарды өсіріп, әр отбасы қыстық азықпен қамтамасыз етілгені де көнекөздердің есінде.
1994-1995 жылдары колхоз-совхоздардың, Бөрлітөбе аудандық суландыру мекемесінің, 1997 жылы Бөрлітөбе ауданының жабылуына байланысты аталған канал Сарқан ауданына берілген-ді. Алайда бұл канал белгілі бір себептермен Сарқан аудандық суландыру жүйесі мекемесінің балансына өтпей қалыпты. Соның салдарынан жылдар бойы платина, канал тазаланбай құмға толып, су деңгейі көтерілмей қалды. 1950 жылдары салынған шлюздер тозып, жарамсыз болды. Кейіннен көпшіліктің дабыл қағуы нәтижесінде 2005-2006 жылдары каналға дамбы салу үшін 24 млн қаражат бөлініп, арықты тазалау және басқа жұмыстар жүргізілді. Өкінішке орай, Лепсі өзенінің асты құмдауыт болғандықтан, салынған инерттік материалдардың барлығы көктемгі су тасқыны кезінде шайылып кетті.
2010 жылы қыстағы жауған жаңбырдан кейін, жер қатып қалып, көктемде еріген қардың суы жерге сіңбей, сай-саймен аққан су каналды, арықты 850-900 кубқа жуық құм және тас үйінділерімен толтырып тастады. Содан бері 2006 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі аралықта бұл каналдың көкейкесті мәселесі аудан және ауыл әкімдерінің жыл сайынғы есеп беру кезеңінде көтеріліп, осы уақытқа дейін шешімін таппай келген еді.
Жылдар бойы ел болып күткен жағымды жаңалық биыл аудан басшыларының қозғауымен жүзеге асты. «Алтын су» каналын қайта қалпына келтіруге аудан бойынша Бас Гидротехникалық құрылыммен бірге жалпы 24 млрд 242 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасалды, оның ішінде 16 шақырымы Лепсі ауылдық округінің аумағында. Облыстық құрылыс басқармасы арқылы қаражат бөлінген жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Лепсі ауылдық округі бойынша 906 тұрғын үй бар. Округте үй бақшалары – 100 га, алма-бақтары 50 га, бау-бақшалары 300 га құрайды. Демек тіршілік нәрі ауылға келіп, бау-бақша өсіруге мүмкіндік туатын сәтті көпшілік асыға тосады.
Ауыл — қазақ руханиятының, мәдениетiнiң, дәстүрлi шаруашылықтың қайнар көзi, қазақтың жаны мен жүрегi. Ендеше, ауылды түлету, ауыл шаруашылығын өркендету халқымыздың әл-ауқатын көтеріп, Отанымызды көркейту деген сөз.
Асхат Искаков,
Сарқан аудандық
маслихатының депутаты.