Жерлесіміз, Журналистика магистры, Халықаралық Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан» телеарнасының режиссері Назгүл Сарыбай өзі оқыған Екіаша орта мектебінің шәкірттерін ынталандыруды дәстүрге айналдырған болатын. Биыл ол ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Екіаша орта мектебінің және Н. Островский атындағы мектеп-лицейінің 9, 10, 11 сыныптары арасында шығарма жазудан байқау ұйымдастырды. «Азаттығым – айбыным», «Жыр алыбы Жамбыл», «Алтын бесік – туған жер» тақырыптарында қалам тербеген оқушылар арасында үздік шығып, Назгүл Сарыбай тағайындаған ақшалай сыйлықтарға ие болып, дараланғандары аз емес.
«Білім бәйгесінің» нәтижесі бойынша Н. Островский атындағы мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Тұрсын Ерсайын І орынды жеңіп алды. Екіаша орта мектебінен Гүлзат Тасыбекова «Алтын қалам» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Екіаша орта мектебінің оқушысы Мөлдір Ақылбай білім жарысының ІІ орнын алса, Н. Островский атындағы мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Анастасия Скрылева жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Сондай-ақ жарысқа қатысқандар арасынан «Үркер үміт», «Қауырсын» номинациялары бойынша жүлде алғандар және ынталандыру сыйлығына ие болғандар ұйымдастырушы тараптың алғысына бөленіп, бағалы кітаптармен марапатталды.
#Qazaqstan30
Өз тілшіміз.