Өсер елдің өркенді ұрпағы


«Nur Otan» партиясы атынан партиялық тізім бойынша сайланған VІІ шақырылым депутаттары құрамының белсенділігі жалаң ұранға емес, нақты істерге негізделген. Оның айғағын аудан аумағындағы атқарылған көңіл тоғайтатын жүйелі жұмыстардан , елдік мүддеге келгенде жұдырық болып жұмылатын азаматтардың ұйымшылдығына ризашылық білдіретін қоғамдық пікірлерден аңғаруға болады.

Алматы облыстық мәслихатының депутаты Руслан Қожаспаев сайлауалды бағдарламасын басшылыққа алып, қашанда аудандағы оң бастамаларды қолдаушылар қатарынан табылады. Ол сайлаудан сайлауға емес тұрақты, жүйелі жұмыс жасайтын саяси партияның жарғысына сайкес көпшіліктің мұң-мұқтажын билікпен бірлесіп шешумен қатар өз атынан меценаттық, демеушілік шараларды жүзеге асыруда да көш басынан көрінуде. Аудан орталығындағы пәтерге мұқтаж бір отбасының шаттығын еселеп, тұрғын үй кілтін табыс етуі Руслан Сәдуақасұлының азаматтығы деп бағалайды жерлестері.

Сарқан аудандық мәслихатының депутаты Алтай Шылғаубаевтың сайлауалды бағдарламасында денсаулық саласына басымдық берілуі орынды. Ауданның бас дәрігері ретінде тұрғындардың тәж-тажалға қарсы тұруын ұйымдастыра білген Алтай Кәмиұлы жуырда ауданға медицина ғылымының докторы, профессор, алтын қолды әйгілі хирург Нұрлан Арынды шақырып, күрделі отаға түсуге кезек күтіп тұрған науқастың тағдырын тапсырды. Ота сәтті өтті, науқастың отбасы аурудан айықтырған абзал жанға, осындай шараны ұйымдастырған халық қалаулысына алғыстарын ақтаруда.

Қайырымдылық қадамға келгенде лепсіліктердің ұйымшылдығы ойымызға оралады. Аудандық мәслихаттың депутаты Асхат Искаковтың, Лепсі ауылдық округінің әкімі Гүлнар Серікбаеваның ұйымдастыруымен Лепсінің тағы бір тұрғыны баспаналы болды. Бұл қайырымдылық шараның басты демеушісі —  «Казстройцент» ЖШС басшысы Қанабек Тоянов. Сонымен қатар ортақ іске Лепсі ауылдық әйелдер және ақсақалдар кеңесінің жетекшілігімен ауыл тұрғындары өз үлестерін қосты.

Жомарт Игіман,

Аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: