Кеңес кезінде дүниежүзілік саяси жүйедегі өзгерістердің бастауы болған 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Араға жылдар салып біз мызғымас деп келген Кеңес одағы ыдырап, одақтас республикалардың қайта құрылуы нәтижесінде президенттік институт жетекші саяси күшке айналып, 1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-нің Тұңғыш президенті болып сайланды.
Қазақстанның ішкі саясатындағы тарихи маңызды оқиғалар Тәуелсіздіктен бұрын басталды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерін ақтау туралы қаулысы шықты. 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде «Тіл туралы» Заң қабылданды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Қазақстандағы Семей ядролық сынақ алаңы жабылды. Тұңғыш Президентіміздің 1991 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында одақтас республикалардың тең құқылы мемлекеттер ретінде Достық одағы құру туралы ұсынысы іске асырылып, 1991 жылғы 8 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды.
Бүкілхалықтық президенттік сайлауды алғашқы рет 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткізу нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Президенті лауазымына сайланды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылдануы нәтижесінде Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет болып жарияланды.
Елбасының белсенділігі мен іскерлігі арқасында Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі атанып, дүниежүзі Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, дербес мемлекеттілігін таныды. Елдік мұрат-мүдде алға шығып, тәуелсіздіктің жарқын да жасампаздық жолы, бағыт-бағдарлары айқындалды. Атап айтқанда Байқоңыр ғарыш айлағынан Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты (1991), Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті (1992), Қазақстанның мемлекеттік рәміздері туралы Заң шықты (1992, 4 маусым), жаңа Конституция қабылданды (1995, 30 тамыз). «Білім туралы» (2007), «Жоғары білім туралы» (1993), «Ғылым туралы» (2011), «Педагог мәртебесі туралы» (2019) Заңдар қабылданды. «Болашақ» халықаралық стипедиясы белгіленді (1993).
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің барлық саласына жаңа леп, соны серпін берді. «Ұлы Даланың жеті қыры» тұжырымдамалық мақаласында бізді қоршаған кеңістікпен, уақыт мәні және сыры ашылды. Ұлт мүддесі мен тарихқа, дәстүр мен руханият өрісіне қатысты айқын бағыт, берік ұстаным қалыптасты.
Тәуелсіздіктің мәні, тарихы мен тағылымы зор. Тәуелсіздік – азаттық негізі, бостандық пен теңдік тірегі. Сондықтан Тәуелсіздік тұғырының биіктеуі, руханият өрісінің кеңеюі еліміз үшін биік белес, мерейлі меже.
Жомарт ИГІМАН,
аудандық мәслихаттың депутаты.