ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ


Қазақ халқы қашанда «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген даналық сөзді тәрбиенің негізі ұстанымдарының бірі ретінде ала отырып, әр баланы Отанды қорғау жолында барлық қиындықтарға төзе білуге баулып тәрбиелейді.Дегенмен, соңғы жылдары елімізде Отан деген ұлы ұғымның қадір-қасиетінің парқына бармастан, оны қорғамақ түгілі, халықтың өзіне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылды ағымдардың әрекет жүргізіп отырғандығын байқаудамыз. Ниеті теріс мұндай ағымдардың негізгі мақсаты – ел халқының арасына іріткі салып, алауыздық тудырып, территориялық тұтастығымызға қол сұғу ғана.

Бүгінгі таңда елімізде ұлтаралық келісім орнығып, әрбір азаматқа Конституциямен сенім бостандығы беріліп, ар-ождан құқығы қорғалған. Осының негізінде азаматтарымыз өз еркімен діни сенімді таңдауға құқығы берілді.

Басымызға қонған осындай сенім бостандығына кір келтіру мақсатында сырт елден келген дүмше молдалар, ұлтымыздың ұлағатты тәрбиесі мен ділін, діні мен мәдениетін мойындамайтын адамдар тәрбиелеп қоғам арасында іріткі салуда. Халықтың сеніміне кіріп, діндар кейпіне кірген кейбір азаматтар мен азаматшалар теріс бағыттағы діни ағымдарды насихаттауда.

Бұл теріс діни ағым өкілдерінің басты мақсаттарының бірі – фундаманталистік түсінікті қайта жаңғырту.

Шын мәнінде діни ағымдар – дәстүрлі дінге қайшы келетін, жергілікті халықтың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолданады. Осылайша, бақытты жанұяны таратады, қоғамдық қате пікірлер ұйымдастырып толеранттылықты бұзады және өзі туып өскен ұлтын мойындамауымен қатар туыстық қарым-қатынасты үзеді.

Бұндай жат ағым өкілдері діни ғұламаларды мойындамауымен қатар, ғылыми пікірлерін де жоққа шығарады. Ғұламалардың көмегінсіз насихаттаймыз деп қателесіп, қоғамда көптеген кикілжіңдер туғызады.

Жат ағымға адам тартудың басты әдіс-тәсілдері – жақыны қайтыс болған адамдардың көңілін аулап, қиындыққа тап болғанда көмектесіп, жалғыз қалғанда серік болып, сеніміне мықтап кіріп алып, рухани әлсіреп, көңіл бөлуді, басқалардың жарылқауын қалап тұрған шағында, теріс ниеттегі діни ағымдар әрекет ете бастайды.

Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қатарларына кіргізу үшін, өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудырып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды.

Сонымен қатар бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды. Мемлекеттік рәміздерді және жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайды.

Ұлтын, мәдениетін, ділі мен әдет-ғұрпын мойындамаған жат ағымдарды қолдайтын және демеушілік жасаған адамдар психологиялық ауруға шалдығады. Бұған қоса, уақыт өте келе тән саулығына да орасан зор зиянын тигізеді.

Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып, жалған құндылықтардан аулақ болуға тәрбиелеуіміз қажет.

Айдана ҚАЛТАЕВА,

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» маман дінтанушысы.

Мәліметпен бөлісу: