Қазақ тарихындағы жалпы ұлттық батыр

Ел намысы, жер намысы, атамекеннің бүтіндігі мен ұлт бостандығы ежелден бері қазақ батырларының ерлігіне жебеу, қайратына демеу болып келген. Туған жердің бір сүйемін жау табанына таптатпау үшін, қазақ елінің азаттығы үшін бүкіл өмірін арнаған Алдияр бабамыз сол қатарда. Сондықтан да бабамызға ескерткіш орнатсақ деген бастаманы естігенде көкейімізде жылдар бойы жинақталған арманымыз гүл атқандай сезімде болдық. Қуана қолдадық, ортақ іске белсене араластық, бел шеше кірістік.

Елді, жерді аралап насихат жұмысымен жұртшылық арасында болғанымызда ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде жүрек жұтқандығын танытқан бабамыздың қадірін айқын сезіндік. Ержүрек батырларын халық қашанда ардақтағанын, ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырғандығын баба есімінің ғасырлардан ғасырларға ұмытылмай келе жатқандығынан аңғаруға болады.

Баба есімін мәңгі есте қалдыруға талпынысымыз көпшіліктің қолдауымен жүзеге асу үстінде. Оңтүстік астанамыз Алматыдан бастау алған іс-сапарларымызда бабамызды ұлықтау жолында жалғыз еместігімізді түсіндік. Ақсу-Сарқаннан түлеп ұшқан азаматтар көптеп көмектесіп, айналасындағыларды сауапты іске жұмылдыра білді. Қысқа мерзімде қомақты қаржы жиналды. Қолға алған ісіміздің абыройлы болуына миллиондап қаржы аударған меценат бауырларымызбен қатар қолда барын ортақ қорға қосқан зейнеткерлеріміз, мекеме-ұйым ұжымдары, жария ісімізді жарнамалаған азаматтар қомақты үлес қосты. Сонымен қатар республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрген бабамыз жайындағы танымдық мақалалардың тигізген игі ықпалы зор. Алматыдан Жанат Тойшыбеков, Талдықорғаннан Берік Керімұлы, Төлебаев ауылынан Кәжірстан Құдай-бергенов сынды елді мекендегі белсенді азаматтар әлеуметтік желіде жерлестерін жігерлендіріп, жомарт жүректі жандарды құлшындыра білді.

Туған елінің тәуелсіздігін басты мұрат санаған Алдияр батыр туралы танымдық деректер болашақтағы іргелі ізденістердің бастауы боларына нық сенімдімін. Шартарапқа даңқы жайылған бабамыз-ұрпақтары үшін мәңгі мақтаныш. Ол сөзсіз қазақ тарихындағы жалпыұлттық батыр, еларалық тұлғаның бірі болып қала береді.

Жанат МҰҚАШЕВ,

«Бабалар рухы» қорының төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: