Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Отыз жылдықтың тәлімді тағылымын, толағай табысын арқау еткен сан түрлі шаралар ел көлемінде айрықша аталып өтілуде. Отыз жылдық азаттықтың мән-маңызын айшықтаған осындай шаралар аясында өткен аптада аудандық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметшілер арасында «Қызмет білгірлері» атауымен зияткерлік сайысы өтті. ҚР-ның Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің бастамасымен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен сайыс мекемелердің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, тәуелсіз еліміздің тарихын, зиялы тұлғаларын тануға, сол арқылы өз Отанын сүюге бағытталды. Сайыс 3 кезеңнен тұрып, оған 5 команда қатысып, түрлі деңгейдегі сұрақтар мен тапсырмаларға жауап берді. Бірінші кезеңде қатысушы топтар өздерін таныстырып, төсбелгілерін қорғаса, екінші кезең тарихи танымдарын тереңдетіп, білімдерін сынға салды. Ал үшінші кезеңде топ басшылары сайысты. Жылдамдық, білім мен біліктілік сынға түскен сайыс тартысты әрі қызықты өтті. Мемлекеттік қызметкерлер өз ісінің білгірі ғана емес тарихи танымы терең, азаматтық ұстанымы айқын, еліміздің өткенін жақсы білетін, тау тұлғаларымызды құрметтейтін болуы керек. Зияткерлік сайыс нәтижесі осыны аңғартты. Әр сайыстың өз жеңімпазы болады. Қазылар алқасының қорытынды шешімімен І орынға «Намыс» тобы (аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі) лайық деп танылса, ІІ орынды «Желтоқсан» тобы (аудандық ауылшаруашылық бөлімі) еншіледі. Ал жүлделі ІІІ орынға «Тәуелсіздік» тобы (Сарқан қалалық әкімшілігі) табан тіреді. Жеңімпаздарды аудан әкімі аппарат басшысы Ұлан Ерденбеков марапаттап, жылы лебізін білдірді. Барлық жеңімпаз командаларға департамент басшысының және аудан әкімінің грамотасы табысталды. Соңында барлық қатысушылар рухты әуен «Көк тудың желбірегенін» бірлесе шырқады.
П.Жеңісхан.