Көргені жақсы көш бастар

Жетісу – жердің жаннаты. Сол жер жаннатының саялы төрі – Сарқан өңірі. Ну жынысты тоғайына барсаңыз жүгірген аңы мен ұшқан құсы көзіңді арбайды, көлде балығы тайдай тулайды, Жетісу Алатауының баурайына аяғыңыз жетсе табиғат байлығына кенелесіз. Тәуелсіздігіміздің нәтижесінде қазынасы халық игілігіне айналған осы шұрайлы өңірде еліне керек кезде тірек бола алатын Дәулет Алмағамбетов сынды атпал азаматтар мекендейді.

Қазақта «Көргені жақсы көш бастар» деген аталы сөз бар. Ауданымыздың абыз ақсақалы Болат Рахметқалиев Дәукеңнің өсіп-өнген ортасы туралы жылы лебізді айналасына айтып жүреді.

-1944 жылы Сарқан ауданының Белсенді колхозына басқарма болып Сарбасов Әлмағанбет келді. Ол кісімен бірге әжесі, әйелі, балалары Әшір, Мүсілім, Жәлел, Сейдан, Әлімхан және қыздары бірге еріп келді. Осы колхозда Әлмағанбеттің арқасында әулеті өсіп-өніп, барлығы да берекелі әл-қуатты отбасына айналды.

Дәулеттің әкесі Жәлел ірі мансап иелерін менсіне бермейтін. Қаза берсең Жәлелден қазына шыға беретін. Оның көрмейтіні жоқ, білмейтіні жоқ, айтатынын айтып тастап жүре беретін. Оның тегінде арыдан келе жатқан қасиет, қарекет, құдірет бар екенін айналасы бағамдайтын. Тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен жасайтын.  Сондықтан еңбегі сіңген Аманбөктер ауылындағы бір көше осы Жәлел Алмағанбетовтің атында. Әкесінің игі қасиетінің бәрі Дәулеттің бойында бар,-дейді абыз ақсақалымыз.

Дәулет Жәлелұлымен замандас, қатарлас, сый-құрметтері ортақ азаматтардың пікірлері мерейгердің бітім-болмысын толықтыра түседі.

Жәлел Сасанбаев – Сарқан ауданының Құрметті азаматы:

-Байлық дегеніміз – адамның өзі, оның жан жүрегі. Дәулеттің жүрегінен жылы нұр тарап тұрады. Жасы үлкенді аға тұтып, құрметтей алады. Кейінгілерге қамқор пейілмен қарайды. Біз отбасымызбен араласып Дәулет пен Базарханның шұғылалы шаңырағынан үлгі-өнеге аламыз. Дәулеттің адамгершілігі, бірсөзділігі, тиянақтылығы бізді бауырластыра түсті.

Жанат Мұқашев – Сарқан ауданының Құрметті азаматы:

-Дәукеңнің мал шаруашылы-ғында өзіндік қолтаңбасы бар. Атасы Алмағанбеттің, әкесі Жәлелдің кісілікті керуен көшін жалғастырып, ұрпағына дұрыс жол нұсқай білді. Зайыбы Базархан екеуінің бір-бірін толықтырып отыратын жарасымдылығы бар, жан-дүниесі бай азамат. Бұл кісі келген 70 жас өкшесін басып жүрген бізге де жұғысты болғай!

Ол қырға шыққанды жақсы көреді. Дала жолымен жүргенде айналасындағы ұлан-ғайыр жазыққа, алыстан шалынған тау сілемдеріне көзі талғанша қарайды. Себебі саналы ғұмыры шалғайдағы мал учаскелерінде өтті. Демалыс дегенді білмей қоғам малын өз төлі есебінен арттыруға ат салысты.

Даналарымыздан қалған асыл сөз жеткілікті. «Ұйықтар алдында өткен күнде өзіңнің не істеп, не тындырғаныңды ой елегінен бір өткізбей тұрып, көзіңді жұмушы болма»,-депті Пифагор. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Сарқан ауданының Құрметті азаматы Дәулет Жәлелұлы ағамыз да өткеніне көз жіберіп, жетпіс атты белеске желіп жүріп жеңіл-желпі жетпегенін пайымдайды. «Елдің ықыласына бөленетіндей еңбегімді сіңіре алдым ба» деген сауал, әрине, саналы жанды ойландырмай қоймайды.

Жуырда тұңғышы Махаббаттың қызғалдақтай қызы Зарина тұрмыс құрды. Құдалары бір жақсы адамдар екен, қызғалдағының мәңгі көктеп тұруын тәңірден тіледі. «Немереңіз Сіз дегенде құрақ ұшып тұрады» деп қауқылдасып жатты тойға жиналғандар. «Шөберелі болыңыз, өсіп-өніңіз» деген ақ тілектер қардай жауды. Балаларына ақ батасын беріп тұрып, «Жетпіс деген ұрпағыңның көгеріп-көктегенін көретін мерейлі жас екен ғой» деген ой көкейіне ұялады.

Ол жастайынан шаруақор болып өсті. Біліктілігімен ауыл атқамінерлерінің сапында жүретін әкесі Жәлел ұлының тиянақтылығын, малсақтығын көріп іштей мерейленетін. Ал мектептен соң Алматы зоотехникалық институтына түсіп, мал маманы атанып туған ауданына оралған Дәулет Алмағанбетовты «Энергия» колхозы құшақ жая қарсы алды. Жас маман, қажырлы жігіт қандай жұмысты тапсырса да басшыларын ұятқа қалдырмады. Қатардағы мал дәрігерлігінен  басталған қызметі шаруашылықтың емдеу санитарлық пункті меңгерушілігіне ұласады. Осы жауапты міндетті атқара жүріп өзіне бекітілген саланың өркендеуіне игі ықпалын тигізеді. Мал басынан өлім-жітім бермей төрт түлік өнімділігін арттыруға білікті жас белсене атсалысады.

Зайыбы Базархан Жолдасқызы есеп қызметкері. Екеуі де өз салалары бойынша «Энергия» колхозының асығы алшысынан түсуіне үлес қосты. Осы ауылда ата-аналық парызды сезінді. Махаббат, Ерлан, Дәурендері дүниеге келіп, балабақшаға барып, мектеп табалдырығын аттап, жыл-жыл сайын жетістіктерімен қуантты. Бүгінгі таңда Дәукең мен Базкеңнің балалары іргелі мамандықты, кәсіпті меңгеріп, немере сүйгізіп, қызық-қуанышына ортақтастырып келеді. Дөңгеленген дүние, өзекті өмір, толғауы тоқсан тіршілік, бәрі-бәрі көз алдында сайрап жатыр сол күйінде, қаз қалпында.

Дәукең шаруашылық қызметіне араласқанда екінші тың – мал шаруашылығы механикаландырыла бастаған болатын. Бұрынғыдай шопандар қыста өгізшанаға шөпті қолмен тиемейді, ауылдан мал қыстағына, мал қорадан өріске дейін қарды күрейтін тракторлар бар. Дегенмен қыруар жұмысты техника еншілегенімен де малшы машақаты азаймайды. Оның тұрмысына, атқаратын еңбегіне жаңаша бір көзқарас қалыптасты. Оларға қойылатын талап күшейтілді. Көктемгі төл алу, жыл бойына мал басын аман сақтау, өлім-жітім бермеу шопан міндеті болса мал маманы жауапкершілікті солармен бірдей көтеретін. Сол жылдары малды бордақылап етке өткізу де дұрыс жолға қойылды.

Мамандығы бойынша қызмет атқарған алғашқы жылдан бастап жақсы атанған жігерлі жас көп ұзамай «Энергия» колхозының бас мал дәрігері болып тағайындалды. Әлбетте, жауапкершілік жүгі ауырлай түсті. Сол жылдардағы үздіктер сапындағы мақтаулы шаруашылықтың малы аман, өнімі мол болғандығын архив мағлұматтары айғақтайды. Мал басынан өлім-жітімнің азаюы колхоздың бас мал дәрігерінің біліктілігінің арқасы, қысы-жазы тыным көрмей атқарылған жұмыстардың нәтижесі.

Дәулет Жәлелұлы аудан басшылығының ұйғарымымен бұдан кейін екі мың бас ірі қара сауылатын сүт комплексін басқарады. Бұл салада да Дәукеңнің жетістікке жеткенін, сүт жоспарының асыра орындалғанын қатарластары бас қосқанда жиі еске алып отырады. Қарауындағылардың қал-жағдайына баса көңіл бөліп, тұрмыстық жағдайын жасау арқылы еңбекке ынталандырғанын ұмытпайтын ұжымдастары да бар.

1991 жылы Тәуелсіздік таңының қарсаңында елден бұрын нарықтық экономиканың өзгешелігін пайымдаған Дәулет Алмағанбетов «Дәурен» шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, мал шаруашылығын дамытуды алдына мақсат етіп қояды. Ол кезде жұмыс десе жанын салатын қайратты жігіт ағасы қылшылдаған қырық жаста болатын. Шаруашылықты өзі басқарып, өзі жүргізіп, кем-кетігін толықтырып ұжымның шаш етектен келетін шаруасын шыр айналдыра білген қожалығы кейіннен «Тал-тал» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналады. Елеулі нәтижелерге жетіп, әр гектардан алынатын өнімді еселеп, шаруашылығынан өткізілетін сүттің де, еттің де көлемі артқаны жұртшылықтың көз алдында. Зейнет демалысына шыққан соң зайыбы екеуі қонақ үй бизнесімен айналысып, бұл салада да өздерінің қабілет-қарымын сынап көрді.

Айналасы ардақтап, қатарластары құрмет тұтып келе жатқан Дәулет Жәлелұлын жетпіс жас желкенін керіп қарсы алды. Алдыда кезек күтіп тұрған мерейлі кезеңдер бар.  Менің кейіпкерімнің темірқазық қағидасы – ұзақ жылғы еңбектің жемісін көру, ұрпағының жеңісін көру. Өмір жолы алға бастайды.

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Мәліметпен бөлісу: