Шағын шаһарымызда қоғамдық көлік жүрісінің жанданғанына да біраз уақыт өтті. Жақсы дүниеге тез бой үйреткен тұрғындар осынау істің игілігін көруде. Тек бағыттық көлікті күту кезінде аты бар заты жоқ аялдаманың болмауы ауа-райының қолайсыз кездерінде біраз қиындық туғызатын. Бұл түйткіл де біртіндеп өз шешімін тауып келе жатқандай. Жақында «Аманжол» шаруа қожалығының басшысы Малғаждарова Күлбану Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне өз қаржысына №1 қоғамдық көлік жүретін Бөгенбай батыр көшесіне темірден, жан-жағы, төбесі жабық, талапқа сай аялдама жасатып орнатып берді.
Өзінде бармен бөлісіп, ортақ іс – ауданымыздың алға басуына өз үлесін қосқан, жүргіншілерге қолайлы жағдай туғызған Күлбану Асқарқызының бұл дүниесі баршамызға жарқын үлгі.
Туған жер, өскен өңірдің гүлденуіне атсалысу қай-қайсымыздың болмасын перзенттік парызымыз. Аудан әкімі Ерғазы Қошанбековтың бастамасымен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында өңірімізден қанаттанған іскер азаматтардың басын қосқан «Жерлестер» форумының өткені күні кеше. Жоғарыдағы өнегелі істі осынау форумның жемісі деуге толық негіз бар. Шаһарымызды шырайландыратын мұндай шапағатты шаралар әлі де көптеп қолға алынатындығына сеніміміз зор.
П.ЖЕҢІСХАН.