Қойтастар маңында саябақ салынады


Сарқан ауданында табиғат-тың ерекше сыйы – қойтастар көптеп кездеседі. Әртүрлі пішіндерімен ерекшеленіп тұ-ратын тастарға көз тастап қарар болсаң, кең жайлаудың етегінде жайылып жүрген отарлы қой тәрізді сурет түзіледі. Сондықтан бұл тастарды сарқандықтар «Қойтас» атап кеткен. Мұндай қойтастарды Жетісу өлкесінде, тек саялы Сарқанда ғана кездестіруге болады.

Енді осы Сарқан ауданында қойтас арасында жайғасқан ерекше саябақ ашылмақ. Аумағы 6 гектарды құрайтын саябақта жаяу жүргіншілер жолы, заманауи футбол, скейдборд, стрит воркаут және балалар алаңдары болмақ. Сондай-ақ күркелер, орындықтар және түрлі жарық шамдар бой көтермек.

-Қойтас саябағын салу екі кезеңмен жүзеге асырылады. Биыл жол, арық, жарық жүйелерін ретке келтіретін болсақ, содан кейінгі жұмыстар, ол әрине көшеттер отырғызу, тас арасына қосымша демалыс орындарын жасау. Сонымен қатар болашақта саябақ ортасында орналасқан жасанды көлшікті жаңа қалыпқа келтіріп, арнайы жаз айларында суға шомылу орнын ашуды қолға аламыз,-дейді Сарқан қаласының әкімі Амантай Мұқанов.

Қайта жандандыру жұмыс-тарын мамыр айында бастаған «Хан Тенгри» серіктестігі аталған демалыс орнын қазан айында ел игілігіне ұсынбақ. Қазір құрылыс аумағында жиырма беске жуық қала тұрғыны маусымдық жұмыспен қамтылған. Солардың бірі 18 жастағы Нұркен Ержанұлы.

-Біздер үшін жасалынып жатқан саябақтың бір тасын болсын қалап жатқаныма қуанамын. Саябақ ашылған соң осы жерде спортпен айналысып, бос уақытымызды достарымызбен өткізетін орынға айналады деп сенемін,-дейді жас құрылысшы.

Сонымен қатар саябақты ретке келтіру кезінде құлауға аз қалған ескі аспалы көпір де қайта жасалып жатыр екен. Бұған Сарқан қаласының тұрғындары дән риза. Айтпақшы, Қойтас саябағы құрылысының бірінші кезеңіне жергілікті бюджеттен 62 млн теңге қаражат бөлінген.

Қалмаханбет Мұхаметқали.

egemen.kz

Мәліметпен бөлісу: