Өткен жұмада Алматы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің мұрындық болуымен ауданымыздағы «Сарқан су құбыры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны базасында табиғи монополиялар субъектілерінің объектілерімен әрі инвестициялық бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстармен қоғамды кеңінен таныстыру мақсатында баспасөз-туры ұйымдастырылды.
Алматы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Думан Қалибеков, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы, түрлі мекеме-ұжым, баспасөз өкілдерінің қатысуымен өткен шара барысында «Сарқан су құбыры» МКК тарапынан сатып алынған бірқатар құрал-жабдықтар көрсетілді. Мекеме басшысы Дәурен Нұрпейсов жер астынан су тартатын қуатты сорғыларды, дизельді генераторларды көрсетті. Бұл құралдар ауылдық жерлерде, шалғай елдімекендерде қолдануға тиімділігімен ерекшеленеді. Келесі кезекте шараға қатысушылар Алмалы ауылындағы су тарататын нысанның жұмысымен жақынырақ танысты. Соңғы жылдары стратегиялық маңызды нысанның айналасы биік дуалмен қоршалып, жағалай тікенді сымтемір тартылған. Көптеген жылдар тазаланбаған су жиналатын тораптың табаны арнайы техниканың көмегімен лай-құмнан арылған. Аталмыш жұмыстар өз кезегінде торапқа мол су жинап, тұрғындарға тіршілік көзін тоқтаусыз жеткізуге мүмкіндік беретін көрінеді. Сондай-ақ су торабындағы қызметкерлер қиыншылықтарымен бөлісіп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Шара соңы семинар-кеңеспен қорытындыланды.
П.Жеңісхан.