Қаланың көркін келтіріп, ажарын аша түсетін сәулетті ғимараттардың бой көтеруі, әрине, жақсы. Жыл соңында Сарқанда 50 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Тағы бір жағымды жаңалық — «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың игілігі үшін салынып жатқан 20 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй. Құрылысты «GoIden City DS» компаниясы қолға алған. Тұрғын үйдің жалпы құны – 222 млн.теңге. Биылғы жылға осы қомақты қаражаттың 46 миллионы бөлінген. Бұл үйдің көп уақыт бойы пәтер кезегін сарыла күтіп, үміт құшағында жүрген жандардың берекелі әрі тұрақты шаңырағына айналарына толық сенім бар.
Аудан орталығында бой көтеретін болашақ тұрғын үйдің бүгінгі қарқынын, жай-күйін білу үшін құрылыс нысанына арнайы барып, құрышқолды құрылысшылармен таныстық. Ауқымды жұмыстардың басы-қасында үнемі жүретін құрылыс бригадирі Руслан Қасымовтың айтуынша көппәтерлі үйдің құрылысы қалыпты әрі белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатқан көрінеді. Осы жұмысқа икемі бар 12 адам жұмылдырылып, жұмыспен қамтылып отырғаны да көңілге медеу. Руслан Олжаханұлы бізді қазан айының 20-нан бастап жұмысшылар саны 30-40-қа жетеді деп сендірді. Желтоқсан айына дейін суық түскенше нөлдік циклмен жұмыс жүргізу көзделген. Құрылыс учаскесінде жүрген жұмысшылар өзіміздің ауданның тұрғындары, күнделікті нәпақасын осы жұмыстан тауып жүр. Ауа райы мұрсат берсе көпқабатты үйдің іргетасын, подвалын құйып, шатырын жабу, қабырға кірпіштерін қалау межеленуде.
Аудан орталығынан бой көтеріп жатқан 2 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай келесі жылы аяқталып, баспаналы болсам деп кезекте тұрғандардың үміті ақталмақшы.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.