Жұмыс жүйелі жүргізілуде


Жақында ауданымызға жұмыс сапарымен  мемлекеттік инспектор  Бауыржан Қасенов келіп кетті.

Мемлекеттік инспекторды аудан әкімі Талғат Қайнарбеков қарсы алып, бірқатар нысандарға ат басын бұрды. Алдымен мейман «Самал» шаруа қожалығында болып, күзгі жиын-терін науқанының жай-күйімен, әсіресе қожалық тарапынан биыл 30 га жерге себілген қант қызылшасының шығымымен жақынырақ танысты. Шаруашылық басшысы Ермек Сағындықұлының айтуынша тәтті түбірдің биылғы түсімі гектарына 850 центнерден айналған. 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған аталмыш қожалық егістікпен бірге мал шаруашылығын да дамытып отыр. Ауылшаруашылық техникалары, құрал-жабдықтары да заман талабына сай жыл сайын жаңаланып отырады.

Келесі кезекте мемлекеттік инспектор аудан орталығында салынып жатқан 50 пәтерлі жалдамалы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысынан, «Сарқан жылу» орталық жылу қазандығының жұмыс үрдісімен және Сарқан гуманитарлық колледжінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар болды.

Сапар соңында  Бауыржан Қазбекұлы «Қойтас» саябағына аялдады. 6 га аумақты алып жатқан саябақтағы абаттандыру жұмыстарының қазіргі таңда 70 пайызы  аяқталған. Құрылысты жүргізуші «Хан Тенгри» ЖШС-гі нысанды жыл соңына дейін халық игілігіне ұсынуды жоспарлап отыр. Футбол стадионы, спорттық алаң, жарықтандырылатын жаяу жүргіншілер жолы,  жабық күркелер, жайлы орындықтар тұрғындардың мәдени демалысын ойдағыдай ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын ұстануға зор мүмкіндік бермек.  Мемлекеттік инспектор құрылыс басында нысанның жоспарын көріп, жасалынып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. 

П.Жеңісхан

Мәліметпен бөлісу: