1993 жылы Тәжікстанда азамат соғысы басталды. Осы кезеңде жаңадан құрылған ТМД елдерінің басшылары ұйымға мүше Тәжікстанға қол ұшын беруге келісті. Елдің Ауғанстанмен шекараласатын аймағы қауіпті болғандықтан, бұл шептің қорғанысын нығайту үшін ТМД елдерінің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей армиясынан жасақталған бітімгер жауынгерлері аттандырылды. Осы соғысқа аудан аумағынан қатысып, жауынгерлік борыштарын адал атқарған жерлестеріміз де бар.
Жуырда аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде қаладағы мектептердің 10-11 сынып оқушылары мен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің қатысуымен тәжік-ауған соғысы ардагерлерін ұлықтаған іс-шара өтті. Алдымен сөз кезегін алған бөлім басшысы, подполковник Талғат Әлсейітов еліміз Тәуелсіздігін алып, егемен ел болудың қамын жасаған шақта тәжік-ауған шекарасын қорғаған жауынгерлердің ерлік істерін жиналғандарға паш етті.
— Өрімдей жас жігіттер Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, жауынгерлік парызын өтеді,- деп ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың қолы қойылған Грамоталарды табыстады.
Келесі сөз кезегін алған Сарқан ауданының ауған локалдық соғыс ардагерлері және мүгедектері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов әскерге барып Отанын қорғау, еліміздің тыныштығын сақтауға атсалысу әр ер азаматтың парызы екендігін атап өтті.
– 18-19 жастағы жігіттер өз еркімізбен әскерге барып, тәжік-ауған шекарасын қорғадық. Өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқардық. Енді елімізде соғыс болмасын, бейбітшілік болып, тыныш өмір сүрейік,- деді марапатталғандар арасынан сөз алған Аслан Құсайынов.
Жиын соңында қатысып отырған оқушылардан «әскерге барған кезде бойларыңызда қорқыныш болды ма?» деген сауалға бітімгерлік іс-шараға қатысқан Руслан Нұрғожанов «қорқыныш болған жоқ, тек ата-анаға, туған-туысқа деген сағыныш басым болды»,- деп сөзін қорытты.
Шара соңында оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.