САЯБАҚТАР АШЫЛАДЫ

Сарқан қаласы жаңа келбетке енуде. Шағын шаһарда қалаішілік жолдар жөнделіп, ауызсу, жылу жүйесі жөнге келді, сондай-ақ, көпқабатты үйлердің ауласы абаттандырылды. Балалардың ойын алаңдары ашылып, халықтың серуендеп, сергіп қайтуына арналған саябақтар жұмысы жанданды.

Сарқан ауданының кіреберісінде ашылған Алдияр батырдың ескерткіші өскелең ұрпаққа даналық пен батырлықтың қандай болатынын ұғындырып тұрғандай. Бір сөзбен айтқанда еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін дән риза.

Қаланың орталығындағы әкімдік ғимаратының алдынан басталатын Тынышбаев көшесі көзге ерекше түседі. Себебі, көше бойындағы гүл, шырша ағаштары хош иіс сыйласа, орындықтар, шамдар «Арбат» аллеясын ерекше көріктендіруде. «Арбат» аллеясына жалғасып жатқан «Жастар» саябағында күннің суығына қарамастан құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Дәл ортасына жастарға арналған мүсін қойылмақ. Балалардың ойын алаңы, халықтың спортпен айналысуына қолайлы құрылғылар орнатылады. Саябақта құны 3 млн. теңге болатын заманауи дәретхананың құрылысы аяқталды. Оның жарығы арнайы датчик арқылы жанып-өшіп, жылу беретін құрылғы бірқалыпты температураны сақтайды.

«Жастар» саябағын кесіп өтсеңіз, жолдың арғы бетінен жаңадан салынып жатқан «Қойтас» саябағы басталды. Табиғаттың ерекше сыйы – мұнда көлемі нешетүрлі үлкен тастар жатыр. Жайылып жүрген қойларға ұқсағандықтан халық бұл жерді Қойтас атап кеткен. Бірақ алып тастардың қайдан келгенін ешкім дөп басып айта алмайды, тек «алып тасқынмен таудан ағып келген тастар» деген болжам бар. Бұрын Сарқан өзенінен өтетін ескі аспалы көпірдің орнына жаңасы салынған. Көпірден кейін аумағы 6 гектарды құрайтын саябақта жаяу жүргіншілер жолы, жарық шамдары, заманауи футбол алаңы бар. Олардың құрылысы толық аяқталған. Ендігі кезекте скейдборд, стрит воркаут және балалар алаңдары орнатылады. Сонымен қатар, әр тастың түбіне жарық шамдары қойылып, түнде ерекше көрініс сыйлайтын болады.

Біз сөз еткен «Жастар» және «Қойтас» саябақтарының құрылысы бітуге жақын. Алдағы айда пайдалануға беріліп, қала тұрғындарының еркін саяхаттауына мүмкіндік туады.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: