Бабалар аңсаған тәуелсіздік – халқымыздың қилы кезеңдерді бастан кешуі арқылы қолы жеткізген дербес мемлекеттігін құруға деген заңды құқығы, әрі басты мұраты. Талайғы тарихтың түрлі таралғысы тұтаса келгенде еркіндіктің һәм бостандықтың оңай жолмен келмегендігіне шүбә келтіре алмасымыз анық. Биыл тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Елімізді әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыруды көздеген мемлекет басшысы, жоғары оқу орындарында білім беру құзыретін арттыру, ғылыми зерттеушілік қызметін дамыту, интеллектуалдық әлеуетін жетілдіруге баса назар аударып келеді. Әлемдегі дамушы алпауыт елдердің қатарына қосылуға бағыт алған мемлекетімізде, қазіргі таңда ғылым мен білімнің дамуына ерекше көңіл бөлінуде.
Еліміздегі жоғары оқу орындарының арасынан алғаш болып мемлекеттік аттестациядан өткен және барлық мамандықтар мен дәрежелер бойынша білім берудің озық үлгісін көрсеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындары жүйесінің көшбасшысы болып табылады. 87 жылдық тағылымы терең тарихы бар оқу ордасының іргетасы 1934 жылы қаланып, оған С.М.Киров есімі берілді. 1991 жылдың 23 қазанында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне шығыстың ұлы ғалымы, ойшыл және Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы саналған – Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді.
Алдыңғы қатарлы ұлттық университетке ғұлама есімінің берілуі ата-бабаларымыздан қалған мәдениет, білім алушыларды тәрбиелеуде және барлық өскелең ұрпаққа елге, жерге, ұлт пен тілге деген сүйіспеншілік рухын оятуда аса маңызды мәнге ие.
Тұғырлы тәуелсіздігімізге жету жолындағы «Желтоқсан» көтерілісінде жан аямай күрескен білім ордаларының бірі де осы қара шаңырақ болатын. Ұлт тағдыры сынаққа түскен осынау күнде жастармен қатар тәуекелге барған барша ұстаздардың іс-әрекетін ерлік деп білеміз. Бас пайдасын ойламай шәкірттерінің ары қарай оқуын жалғастыруына себепші болып, оларды қорғау жолында ректорлық, оқытушылық қызметтен шеттетілгені қаншама.
Түрлі қиындықтардың сүзгісінен сүрінбей өткен университет өзінің дамуын, жетістікке жетуін тоқтатқан емес. Оған дәлел ретінде әлем деңгейіндегі беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингілік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша зерттеудің биылғы нәтижелері негізінде, әл-Фараби атындағы ҚазУҰ жаһандық рейтингіде 165 орынды иеленді және «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны» болды. Алдыңғы қатарлы шет елдік университеттермен бірлесе қос диплом және ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары ойдағыдай жүзеге асырылуда, осының нәтижесінде еліміздегі шет елдік студенттердің басым бөлігі ҚазҰУ-да білім алуда. Әлемнің біршама елдерінде аталмыш оқу орны әл-Фараби орталықтарын ашты. Жыл сайын дәстүрлі түрде, сәуір айында өткізілетін «Халықаралық әл-Фараби оқулары» түрлі елдер мен республикамыздың түкпір-түкпірінен келген ғылымға қызығушы жас өрендердің басын біріктіріп, тәжірбие жинауға үлкен септігін тигізуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті республика бойынша ең жоғары студенттік спорт базасымен қамтылған: жалпы сыйымдылығы 5000 көрермендік трибуналы алаң, екі футбол алаңы, теннис корттары, спорттық ойындар залы бар. Сонымен қатар 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен жаздық олимпиада ойындарында жүзуден ел қорына «алтын жүлде» әкеліп, көк туды желбіреткен түлегіміз Дмитрий Баландиннің құрметіне жүзу бассейн комплексі ашылды. Заманауи үлгідегі «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы білім алушыға әртүрлі бағыттағы қызмет түрлерін ұсынады. Шығармашылық даму бағыты бойынша Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, Баспа үйі, университет радиосы мен баспасөз газеті студенттердің жан-жақты дамуын жетілдіріп, қоғамдық өмірмен тығыз байланыс орнатуда. әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» концептісін негізге ала отырып, «Айналаңды нұрландыр!», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» сынды бағдарламалары жандануда.
Міне, Тәуелсіздік мұратымызға жеткеннен кейін еліміз жан-жақты салада жоғары жетістіктерге жетіп, жарқын болашаққа жол ашты. Еліміздің әлемдік арена сахнасындағы орны айқындалып, мәртебесі асқақтауда. Осы биіктік деңгейінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті келешек тұлға, білікті маман даярлауда үздік нәтижелерге қол жеткізу үстінде. Қазақ білімінің қасиетті қара шаңырағы өз дамуын тоқтатпай, толағай табыстарды еншілейтініне сеніміміз мол!
Г. Атаханова,
з.ғ.д., профессор.
С. Бақыт,
заң факультетінің 1-курс магистранты.
Д. ТОШАНОВ,
4 курс студенті.