Биыл еліміз өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Осы аралықта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз биік белестерге көтерілді. Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді басқарған уақыт тарихи оқиғаларға толы кезең. Бұл кезең еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін жариялаған Декларациясын, Қазақстанның жеке мемлекет екендігін көрсеткен Ата Заңын, мемлекеттік рәміздерін қабылдап, елімізді егемен мемлекет ретінде көптеген шет мемлекеттердің таныған кезеңі болып отыр. Егемендік алғалы бас-аяғы 30 жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақстан барлық елдермен достық қатынасын нығайтты, еліміздің экономикасы, мәдениеті, саяси жүйесі нығайды, демократия мен заңдылық, құқық тәртібі жетілдірілді.
Мемлекетіміздің құқықтық қатынастарын реттейтін көптеген заңдар, кодекстер қабылданып, мемлекеттік құрылыстың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жатыр. Елімізде ұлттар достығы нығайды, дүниежүзіне үлгі болатын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының өркениетті қағидалары толық жүзеге асырылды. Бұған қоса, қазақ тілі мемлекеттік тілге айналып, рухани құндылықтарымыз жаңғырды, жаңарды. Бүкіл әлем Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде таниды. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктеріміз. Еліміздің еңсесін биіктеткен Елбасы күнін атап өту тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы елеулі оқиға деп білемін. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында өлшеусіз еңбек сіңірген Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін» деген еді. Сөзсіз Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктеріміз Елбасымыз, егемен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байналысты. Ия, ендігі жерде халықтың болашақтан күтетін үміті көп. Үміт – болашақ тірегі. Сол үміт жолындағы Қазақстанымның абыройы асқақ, жолы нұрлы болсын деп тілеймін!
Асылтай Дуанова,
Екіаша орта мектебі математика пәнінің мұғалімі.