Мақсат – әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету

«Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру…». Елбасы жария еткен «Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» заңның үстемдігін қамтамасыз ету бөлімінде осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет және оңалтудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жер-жерде «Пробация үйі» арнаулы жобасы іске қосылған болатын.

Сарқан аудандық прокуратурасымен пробация есебіндегілерге «бір терезе» қағидасы негізінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін «Пробация үйі» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Жақында аталмыш жоба аясындағы шаралар желісі негізінде аудандық прокуратура ғимаратында жиын болып өтті. Жиынды аудан прокурорының орынбасары Ұлан Сансызбаев ашып жүргізіп, оған шартты мерзімге бас бостандығынан айырылған жандар, мүдделі мекеме-бөлім басшылары, құқық қорғау қызметкерлері және баспасөз өкілдері қатысты. Негізгі мақсат — шартты мерзімге бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету. Шара барысында сан алуан сұрақтар қойылып, азаматтарға әлеуметтік-құқықтық кеңестер берілді. Сондай-ақ, жиын барысында медициналық қызметпен қамту және еңбекке орналастыру мәселесі де қарастырылды.

Жалпы, мемлекеттік орган-дардың өкілдері тарапынан Пробация үйінде есепте тұрғандарды жоғарыдай форматта айына екі рет қабылдау жоспарланған. Пробация үйінің ең басты мақсаты — түрлі заңсыздықтардың алдын алуға септігін тигізу.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: