Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Қазіргі уақытта Қазақстан Орталық Азия өңірінде ғана емес, тұтастай алғанда ТМД бойынша да жемқорлыққа қарсы неғұрлым мықты дамыған заңнамасы бар ел болып табылады. Мұндай құқықтық актілердің қатарына 1998 жылғы “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” Заңды, Жемқорлықпен күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қосуға болады. 2005 жылы мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі бекітілді.  Ал 2007 жылдың 12 қаңтарында “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” заң қабылданды. Бұл заңнамалық актілердің мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлеу, мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк сапаларына қойылатын талаптарды арттыру.

Бүгінгі таңда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциясын құқық қорғау органдарының жұмысы тұрғысынан ғана қарау мүмкін емес. Қазіргі таңда мемлекет басшысының бастамасы бойынша басталған әкімшілік және конституциялық реформаларды іске асыру ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл әкімшілік реформалардың мәні мен мазмұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ.

А.Кульжигитова,

аудандық соттың бас маманы.      

Мәліметпен бөлісу: