Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісіндегі сөзінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер еткен дүниелердің бастысы – әлеуметтік теңсіздіктің өршуі ашық айтылды. Бұл баршамыздың көңілімізден шықты, қоғамдағы әділетсіздікті, парақорлықты жою ілгері басуымызға негіз қалайтындығын барлығымыз да түсіндік. Әсіресе, балаларының, ұрпағының тағдырына алаңдайтын ата-ана мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға шын мәнінде де мүдделі.
Біздің қоғамда халықтың табысы, ақшалай кірісі арасында, отбасылардың жағдайы арасында айырмашылықтың бары рас. Оны Батыс елдерімен тіпті салыстыруға келмейді. Жалпы экономикалық өсім, орташа жалақы тағы да басқа көрсеткіштер жоғары болғанымен, оның 10 пайызы ең кедей топ, 10 пайызы ең бай топ деп алатын болсақ, екеуінің арасындағы алшақтық жер мен көктей. Сондықтан біздің қоғамдағы осы кедейшілік мәселесін мойындауымыз қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде айтылғандай, халықтың кірісі елдің экономикалық өсімімен байланысты болуы керек. Алайда бізде экономикалық өсім макроэкономикалық көрсет-кіштен, халықтың тұрмыс жағдайынан көрініс таппай келді. Президент нарықтық экономиканы дамытқанда оның әлеуметтік бағдарына басымдық беру, соған назар аудару және Қазақстан өзін Конституцияда құқықтық демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітетінін тағы да бір еске салды. Және халықтың кірісін ұлғайту жөнінде арнайы бағдарлама жасауға тапсырма берді. Халықтың кірісін көбейту үшін әлеуметтік төлемдердің түрлері мен санын, көлемін көбейтуден бұрын, ең алдымен аймақтарда өңдеуші өнеркәсіпті, жаңа, тұрақты жұмыс орындарын ашу өте маңызды деп ойлаймын.
Ел өңірлеріндегі толқулардың діни-радикалдық тұсын айтпа-ғанның өзінде, шынтуайтында наразылықтар халықтың әлеуметтік көңіл-күйінде екендігі айқын көрінді. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткендей жұмыссыздық деңгейін азайту, ол үшін жұмыс орындарының саны мен сапасын арттыру, түптеп келгенде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда да түбегейлі өзгерістер қажет-ақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» қоры құрылатынын жеткізді. Президент ондағы қаражат денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағыт-талатынын айтты. Сең қозғалды, Президент төңірегіне топтасып, қордаланған мәселелерді шешуге атсалысу барлық қазақ-стандықтардың парызы.
Күлшарбан ҚАЛИЕВА,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы.