Керуен – ғұмыр


Студенттік өмір

Бірінші курстың аяғында жазғы егіс науқанында Іле зерносовхозына бардық. Онда тракторларда жұмыс жасап, күндіз астық сеуіп, түнгі кезекшілікте жер жырттық. Совхозда сол кезде механизатор жетіспегендіктен біздер тракторист болып жұмыс жасадық. Екінші курста 1955 жылы Тастақ МТС-ында практикада болып, трактордың әрбір бөлшектерін жөндеуді үйрендік. Жөнделген бөлшектердің регулировкаларын өздеріміз жасап, бір ай сонда болдық. Институтта білікті мұғалімдерден дәріс алдық. Трактордан техника ғылымдарының кандидаты Қыпшақбаев сабақ берді. Сельхозмашиналардан техника ғылымдарының кандидаты Алшынбаев дәріс оқыды. «Эксплуатация машина-тракторного парка» дегеннен профессор Сахаров И.В. беретін. Кейін бұл кісі менің дипломымда жетекші болды.

1956 жылы сабақ аяқталғаннан кейін Павлодар облысының Ертіс ауданының «Кутузов» совхозына жұмысқа апарды. Ол совхозда шілде айының ортасынан бастап астық оратын комбайндарды өздеріміз жөндеп, астық оруда сол комбайндармен жұмыс жасадық. Астық орып бітірген соң қайтарда еңбекақымызды түгелдей ақшамен берді. Біздер осы кезде бір байып қалатынбыз.

1957 жылы үшінші курстың аяғында Ташкент қаласының жанындағы 54 разъезде автобатальонда офицерлік дайындық курсында бір ай болып, шілде айының басында Павлодар облысының Ертіс ауданының «Суворов» совхозына комбайнда жұмыс жасауға бардық. Бұл бір совхозда 200-ден артық комбайн бар екен. Егістік көлемі өте көп. Совхоздың бөлімшелері бір-бірінен қашық орналасқан. Кейіннен осы бөлімшелері жеке-жеке совхоз болып кетіпті.

Институтта оқып жүргенде жылдың аяғында актовый залда жиналыс болып, сол жиналыста «За освоение целины» деген төсбелгіні куәлігімен берді. Бұл целинада астық оруға үлес қосқанымыз үшін деді. 1958 жылы төртінші курстың соңында Түрікменстанның Кушка қаласындағы автобатальонға бір айлық офицерлік дайындықта болдық. Казарма Совет үкіметінің ең оңтүстік шекарасына салынған екен. Асханасы төменде, ойда. Автопарк Ауғанстаннан бастау алатын «Мургап» өзенінің жағасында орналасқан. Жері өте ыстық. Таңертең тұрғаннан кейін жуынуға барсақ суы жып-жылы. Сөйтсек күндіз ысыған су түнде суып үлгермейді екен. Лагерьден келген соң әскери дайындықтан емтихан тапсырдық.

Осы емтиханнан кейін Павлодар облысының Лебяжье совхозына астық жинауға бардық. Онда да комбайнер болып жұмыс жасадық. Менің көмекшім болып Литва республикасынан келген бала болды. Ол механизация училищесінде оқиды екен. Совхоз аудан орталығында Шарбақты селосында орналасқан. Егістік жері тегіс, өте үлкен. Негізінен бидай себеді. Біраз жеріне тары егеді, тарының түсімі өте жақсы болды. Алғашқы 15 жұмыс күнінде сезондық норманы орындадым. Содан кейінгі орған әр гектарына көтеріңкі бағамен төледі. Жұмыс аяқталғанда қомақты ақша алдым. Қайтарда аягөздік жолдастарым Бейімбетов Кисмель мен Карленов Амантай үшеуіміз автобуспен Семей қаласына келдік. Заттарымызды камера храненияға өткізіп, кешке дейін қаланы араладық. Кешке мені поезға отырғызып, олар қалада қалды. Поездан станция Лепсіден түсіп, автобуспен Антоновкаға келіп, ары қарай көлікпен ауылға келдім. Ол кезде үйіміз Белсенді колхозында болатын. Үйде әкемнің шешесі Рахия апам, өз шешем Биғайша, інім Борис, әйелім Гүлсім бар болатын. Осы төртінші курста оқып жүріп қысқы каникулда Гүлсім екеуіміз үйленген болатынбыз.

Қайтарда Семей қаласынан үйге сарқытқа шай, тәттілер, тағы басқа да заттар алғанмын. Үйдегілер келгеніме қуанып қалды. Келгенімді естіп, амандасуға ағайындар да, көршілер де келіп, үйде абыр-сабыр болды. Сөйтіп бір жұма дем алып, Алматыға бесінші курсқа оқуға кеттім.  Бесінші курста оқып жүріп ауылға жиірек келіп тұрдым. Дипломды тез жазып бітіріп ауылда біраз болдым.

1959 жылы 30 мамырда ұл туды деп ауылдан хабар келді. Сол күні қасымдағы жолдастарыма жуып бердім. 2 июнь 1959 жылы дипломымды қорғап ауылға келдім. 15-16 күн үйде болып институтқа қайтсам әлі түгел қорғап бітпепті.  Өйткені күніне 4-5 баладан ғана қорғайтын. Диплом алған соң біздерді облыстарға бөлді. Облсельхозинспекцияға барасың. Олар баратын жерге направления береді. Мені облыстан Андреевка ауданының сельхозинспекциясына бөлген. Онда бастық болып Дайыров деген кісі жасайды екен. Одан мені аудандағы жалғыз совхоз Лепсинскіге жіберді. Осыдан алғашқы жұмыс жылдарым басталды.

Алғашқы еңбек жолым

Институтты  бітіріп келген соң жолдамамен «Лепсинскі» ет-сүт совхозының машина –трактор шеберханасының бастығы болып еңбек жолымды бастадым. Совхоз директоры Иван Степанович Скориков сөзге шешен, жұмыскер, өз ісінің шебері. Бас инженер Мелетей Тарасович Емельянов та өмірлік тәжірибесі мол білікті маман екен. Бақытыма қарай осындай адамдармен әріптес болып өз салам бойынша тәжірибе жинақтай білдім. Кейін өмірлік жолыма мол пайдасы тиген біліктілік алғашқы еңбек жолымда жолыққан жақсы адамдардың игі ықпалы арқылы жинақталғаны анық.

Шаруашылықтың сол жылдардағы бас агрономы В.П.Дмитровский, бас зоотехник Виктор Уняевичтен, бас мал дәрігері Беспарточный болатын. Машина-трактор шеберханасында қойма меңгерушісі Шелкоплясов деген қырықтан асқан азамат. Техникалардың саймандарын ол жақсы білетін. Қандай сайманның көпке шыдайтынын, қандай сайманның қай уақытта істен шығатынын жатқа соғып отырады. Алдын ала тапсырыс беріп қояды. Мен сайманға тапсырыс беруді осы қойма меңгерушісінен үйреніп, жұмысқа тез бейімделіп кеттім. Сол жылдары ауыл шаруашылығын жабдықтау мекемесі (Сельхозснаб), ауданаралық база (межрайбаза) Лепсі станциясында болатын. Біз саймандарды сол Лепсіден алып жүрдік. Көбінесе өзім барамын, кейде Алматыдан тікелей алып келемін. Бұл кезде ауданда тек «Лепсинскі» ғана совхоз болатын, қалғандарының бәрі колхоз еді.

Бір жылдан кейін сельхозмеханик болып Абрар Аллаяров, тракторға механик болып Юрий Гиш келді. Бұлар техникум бітірген жігіттер. Осы жас мамандармен жұмыс істеу жеңіл болды.

Келесі жылы совхозда қысқа мерзімде тракторшылар дайындайтын курс аштық. Трактордан сабақты мен өткіздім. Өсімдік шаруашылығынан, агротехникадан агроном Дмитровский, ұйымдастыру шаруашылығынан М.Т.Емельянов берді. Осы курсты бітірген 24 жігіт емтиханнан өтті. Комиссия шешімімен бәрі трактор – машинист деген куәлік алып, дербес техника иеленді.

1959 жылдың аяғы мен 1960 жылдың басында қыс өте қатты болып, қоғамдық мал қырылды. Осы себептен совхоздың директорын орнынан алды да директор болып Николай Степанович Червонных келді. Комиссия мүшелері совхоз техникаларын өткізу үшін фермаларға атшанамен бардық.

Совхозда бес ферма бар болатын. Оның біреуі шалғайдағы отгонда. Отгондағы фермамен рация арқылы морзе әліппесімен хабарласып тұратынбыз. Совхоздан шыққан машиналар қалың қардан өте алмай,  трактор сүйреп шығарады. Келерде Базиректегі фермадан трактор шығарып салады. Жол ауыр. Сол жылғы қалың қардан өтудің амалы осы болды.

Совхоз комсомол комитетінің бірінші хатшысы Николай Павлович Рыйбин болатын. Мен оның бірінші орынбасары болдым. Клубта жиналыс өткізіп, түрлі ойындар ұйымдастырдық, викториналар өткіздік. Ең алғаш айналып тұратын шырша орнаттық.

1961 жылы мені партия қатарына қабылдады. Ауыл кеңеске депутат болып сайландым. Осы жылы Москваға ауыл шаруашылық көрмесіне жіберді.

Москваға поезбен бардық Қазан вокзалынан біздерді күтіп алып, «Золотой колос» қонақ үйіне орналастырды. Он күн көрмеде болып ауылшаруашылық жетістіктерімен таныстық. Бос уақытта қаланы араладық.

Қонақ үйде бір еврей жігітімен бір бөлмеде жаттым. Ол докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүр екен.

1963 жылдың наурыз айында Шіліктідегі фермада сайлау учаскесінің бастығы болып сайлау өткізіп, Сарқанға келдім. Сайлау өткізген күні шаруашылықты аралап жүрген аумақтық басқарманың бастығы М.В.Наумов кездесіп, таңертең тас жолға шығуымды ескерткен болатын.

1963 жыл

Сарқанда сол жылдары аумақтық басқарма құрылған. Басқармаға Ақсу, Сарқан, Андреевка аудандары қарайтын. Аумақтық басқарманың бастығы М.В.Наумов, партия комитетінің хатшысы Мейіртай Әділтайұлы Усатаев болатын.

Мені әуелі басқармаға инженер етіп ауыстырды. Екі ай қызмет атқарғанннан кейін аудандық «Казсельхозтехникаға» бас инженерлікке бекітті. Бұл мекемеде 180 адам жұмыс жасайды. Барлығы басқа ұлттардың өкілдері. Арасында токарь болып жұмыс істейтін жалғыз мұсылман татар жігіті Рахымжан  Каримов бар екен. Менімен бірге училищеде қызмет жасаған Петр Дмитриевич Тарасенконы инженер – технолог, Николай Архипович Антоненконы МТМ меңгерушісі етіп әкелді. Мекеменің басқарма басшысы Михаил Яковлевич Подин болатын.

Жаңа жұмыс орнымда бұрыннан істейтін слесарлар, жоғарғы разрядты мастерлер алғашқы күннен менің білімімді тексере бастады. Узелдерді аралап жүргенде саймандарды салу, салмау жөнінде түсінігімді білгісі келіп жиі сұрақ қоятын. Мен оларға қалдыруға болатын стандартты мөлшерлерін айтып бергенде менің біліктілігімді сезіп ары қарай тексерулерін жалғастыра алмайтын. Совхозда өзім МТМ меңгерушісі, өзім қадағалаушы, өзім жабдықтаушы болып істегеннің пайдасы осы жерде жүзеге асты. 

Осы кезде «Союзсельхозтехникадан» алты разрядты сеткаға көшіру туралы бұйрық келді. Көшіру үшін арнайы комиссия құрып, бір ай шамасында жұмыстан кейін барлығын оқыттым. Осының нәтижесінде слесарлар 7-інші,  8-інші, 9-ыншы разрядпен жұмыс істейтін. Осы бұйрықпен бірге әр бір разрядтың қандай жұмыс ауқымын атқаратыны, нені білу керек екендігі  туралы нұсқаулықтар болды. Бір ай өткен соң арнайы комиссия арқылы емтихан алып, слесарларға біліктілігіне сай разряд бердік. Оны бұйырықпен бекіттік. Жалақы осы разрядқа сәйкес төленетін болды. Бастапқыда қаншама наразылықтар болды десеңізші. Барлығын түсіндіру үшін әр қайсымен жеке-жеке жұмыс жүргізу қажет болды.

Жөндеу шеберханасында топтап тракторлар жөндеуден өтіп жатты, астық оратын комбайындар әзірлік сапына қойылды.

1970 жылдан бастап мені осы мекеменің басқарма басшысы етіп сайлады. Сол жылдары сельхозтехниканың құрамында механикаландырылған отряд бар болатын. Ол отряд сапында бульдозер, эксковатор, грейдер болды. Жазы – қысы колхоз-совхозда жол жасау, сүрлем салатын ор қазу, қыста жол тазалау сияқты жұмыстар осы отряд күшімен атқарылатын.

Казсельхозтехникада линейно – монтажный участік болды. Бұл учаскені Цегельников Яков басқарды. Құрамында электро-газосварщик, электрик, слесарлар, техникалар жүргізушілерімен болды. Бұлар колхоз – совхоздарда, сиыр фермаларында, мехдойкада, водопоилкада қи шығаратын, жем-шөп дайындап үлестіретін, механизмдерді орнататын. Осы кезде «Энергия» колхозын Садиев Ғайнул Абдулович басқаратын. Бұл колхозда төрт ферма толық механикаландырып, сол фермаларда аудан бойынша семинар өткізілді. Семинарға ауданның бірінші хатшысы Усатаев Мейіртай ағай, ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Боранбаев Оспанбек ағай және колхоз-совхоздардың бастықтары, зоотехниктер, бас ниженерлер, мал мамандары тегіс қатысатын. Осылайша «Семиречье» колхозындағы фермалар да толық механикаландырылды. Ол шаруашылықтың басшысы Тарасун еді,   осы колхозда да семинар ұйымдастырдық. М.Д.Льянов басқарып тұрған тұста «Ленин» колхозының фермалары да механикаландырылып үлгерді. Барлық колхоздарда өткен семинарларға аудан прокуроры, милиция бастығы, автобаза директоры, ветстанция бас дәрігерлері және тағы басқалар қатынасатын.

Сельхоз техника құрамында автопарк болды. Алғашқы жылдары 36 автомашина болса, кейінгі кездерде 122-ге жетті. Сол бір кезеңде бізге Алажиде химбазасын қосқан еді. Автопарктің міндеті Ақсу, Қапал, Сарқан аудандарына тыңайтқыш тасу, Алажидеге түскен ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларды Сарқанға жеткізу. Бөлінген наряд бойынша бұдан соң шаруашылықтарға жеткізілетін. Осы ауқымды жұмыстарды атқару үшін кадрларды өзіміз дайындадық. Сырттан мамандар алдық. көбінесе бұрыннан істеп жүрген ұжым мүшелерін мамандандырдық. Мысалы электросварщик Моисеев Станислав басқарма басшысының сауда жөніндегі орынбасарына дейін көтерілді. Кейін ол облыс басшыларының назарына ілініп автобазаға директор болып кетті. Біздің мекемеге слесарь болып келген Н.Д. Рукавичников бас инженерге дейін көтерілді. Осы екеуін мен кезекті еңбек демалысына кеткенімде орныма кезекпен қалдырып жүрдім.  1977 жылы маусым айында сельхозтехниканы өткізіп бергенімде мұнда 340 адам жұмыс атқарып жүрді. Олардың 60 -70 пайызы мұсылмандар болды. Мамандардың көбісі жақсы дайындықтан өтіп, өз ісінің білгірі атанып үлгерді. Бұл жылдары жаңа котельный, алмастыру пунктін салдық, мекеме аумағын асфальттап, қосымша бірнеше цехтарды пайдалануға бердік. Мекеме жыл сайын экономикалық тұрғыдан пайдамен шығып, тоқсан сайын, жыл қорытындысында бүкіл жұмысшылар сыйақы алатын. Осылайша облыстық сельхозтехникалар арасында үздік мекемеге айналғанымызды мақтан тұтатынбыз.  Сельхозтехника құрамында жеке товароведтері, қойма меңгерушілері, жұмысшылары бар сауда бөлімі болды. Бұл арқылы ауданның шаруашылықтарын жаңадан түскен тракторлармен, ауылшаруашылығы машиналарымен, тыңайтқыштармен, құрылыс материалдарымен, арнаулы киімдермен қамтамасыз етіп отырдық. Басқарма басшысының сауда жөніндегі орынбасарлығын С. Моисеев, кейіннен В.Ф.Калтыгин атқарды. Бас бухгалтер П.А.Овсянников, орынбасары Евгений Ткачук, бас экономист К.Карипова, нормировщица А.А. Мацкова, инженер –технолог Б.Оразбаев және тағы басқа мамандар өз міндеттерін мінсіз атқарды.

Болат РАХМЕТҚАЛИЕВ.

Мәліметпен бөлісу: