Олқылыққа орын жоқ

Жаңа жылдың алғашқы күндеріндегі оспадарлықтың орнын толтыру қиын. Қаншама адамның өмірі қиылды, қаншама отбасы аңырап қалды. Көптеген сауда орындары, сандаған кәсіпкерлер зардап шекті. Бейбіт шеруге шыққандардың адал талаптарын қара ниетті қорқаулар өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Жуырда Шатырбай ауылында өткен аға буын және жастар өкілдерімен жүздесуде, міне, осы мәселелер жадымызда қайта жаңғырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков ел болып қолға алынып жатқан дүрбелеңнен кейінгі қарекеттерді айтып өтті.  Ел билігінің шұғыл әрекеттерінің нәтижесінде зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, бүлінген дүние біртіндеп қалпына келтірілуде. Өз кезегімізде біз де тыныштықты ешнәрсемен алмастыруға болмайтындығын, қасіретті қаңтардың сабағын сөзімізге арқау еттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы ізгі мұраттарды, ҚР Президентінің 11 қаңтардағы үндеуінен, Парламент мәжілісі депутаттарымен кездесуіндегі сөзінен туындайтын көкейкесті міндеттерге тоқталдық.

Кездесуде сөз алған шаруа қожалығының төрағасы Берік Жүнісбеков, мемлекеттік қызмет ардагері Өмірбек Өнерханов, ауылдық ақсақалдар ұйымының төрағасы Балтабек Смайлханов алдағы уақытта тыныштығымызға қылау түсіретін басбұзарлық оқиғалардың қайталанбауына ықылас-ниеттерін қосты. Осыған орай атқарылуға тиісті тапсырмалар сараланды. Қиын күндерде ауыл тыныштығын басты назарда ұстаған еріктілердің алғысқа лайық әрекеттері атап өтілді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының көңілдеріне кірбің түсіретін бірқатар кемшіліктер ортаға салынды. Атап айтқанда ауылдықтардың мал шаруашылығына, ауылшаруашылық дақылдарына бөлінетін субсидия игілігін көрмегендігіне 3-4 жыл өтіп барады.

Тұрғындар бау-бақшалық суға зәру. Канал тазалау үшін сырттан көмек керек. Жылдар бойы ауылдың төменгі жағына мүлде су жетпейді.

Дала жұмыстарымен шұғылданатындарға жанар-жағармайдың қазіргі бағасының өзі ауыртпалық туғызады. Көпшіліктің көкейінде науқан кезінде мың сан себеп-сылтауды алға тартып, жанармай бұдан да қымбаттап кете ме деген күдік бар.

Қаншама қаражатқа салынған мәдениет үйі қыстай жабық тұр. Жалғыз кітапханашы ғана жұмыс істейді.

Балалар спорт алаңының құрылысы басталды да тасталды. Шатырбайлықтардың спорттағы жетістіктеріне пандемия тосқауыл болып, бұқаралық спорттық шаралар назардан тыс қалуда.

Ауылға Сарқаннан жеткізілетін көмір бағасы шарықтап, тоннасы 30 мыңнан асып кетсе де оны қадағалайтын орын жоқ.

Жұмыспен қамту орталығынан бөлінетін қоғамдық жұмыс саны жылдан жылға қысқартылып, биыл бүкіл ауылға 2 қоғамдық жұмыскер орны берілді.

Айтылған және айтылмаған олқылықтардың жылдар бойы қордаланғаны сөзсіз. Ауыл тынысына бейжай қараудың салдарынан «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін кигеніміз жасырын емес. Ендеше етек-жеңімізді жиып, келешегіміз үшін сергек көзқарасты қалыптастыруымыз қажет. Жүздесу барысында, міне, осындай түйінге келдік.

Жомарт ИГІМАН,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: