Әуе толқынында -«Жетісу» радиосы

Қазақстанның ақпарат айдынына жаңа радио қосылды.

«Жетісу» радиосын ашудағы басты мақсат — Алматы облысындағы шекаралық аймақтарға, халыққа ақпарат бармайтын, интернеті шектеулі өңірлерге хабар тарату.

Радионың негізгі бағыты – ақпараттық-танымдық. Қазақтың ұлттық, рухани дүниелерін көбірек насихаттауға басымдылық беріледі. Таңғы ақпараттық-сауықтық хабар, түрлі саладағы тұлғалармен сұхбат, көңілге ой салар танымдық бағдарламалар, әсем ән, әуезді күй, маңызды әрі қызықты жаңалықтар легі… Көпшілік мұның бәрін «Жетісу» радиосынан тыңдай алады. Бағдарламалардың ішінде «Бір әннің тарихы», «Қайраткер», «Білте шамның жарығы», «Ойтолғақ», «Шапағат», «Ғибрат» тыңдарман көңілінен шығады деген үміт бар. Елдегі маңызды оқиғалар күніне бірнеше мәрте «Жаңалықтар» арқылы жұртқа жетеді.

Радио ұжымға белгілі журналист Есболат Айдабосын жетекшілік етеді. Радионың қыр-сырын меңгерген Айнұр Төлеу, Мұхит Тоқтасын, Салтанат Жексембек, Аршын Айдынбекұлы сынды редакторлар еңбек етеді. Музыкалық әрлеу, қадағалау Мақсат Арыстанбаев пен дыбыс режиссері Сафа Серғазының мойнында. Шығармашылық құрам алдағы уақытта тағы да жаңа мамандармен толығады.

Арнаны тыңдарман тәулік бойына әр өңірде әртүрлі жиілікте тыңдай алады. Талдықорған қаласында -107.2, Жаркент-106.5, Текелі -104.8, Үшарал-104.3, Лепсі -103.8, Балқаш ауданы, Балатопар елдімкенінде -102.1, Құйған — 101.7, Райымбек ауданындағы Қызылұш, Жалаңаш ауылдарында 100 жиілігінен табасыз.

Болашақта «Жетісу» радиосының толқыны Жетісу жерінің барлық аумағында таралады. Қазір осы бағытта техникалық және құжаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Әр шаңырақта «Жетісу» радиосы қосулы болсын!

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: