Жұртшылықпен пікір алмасты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов пен Серік Сапиев жуырда Сарқан ауданында болып, жұртшылықпен жүздесіп, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы міндеттер барысында пікір алмасты. Алдымен ат басын аудандық ауруханаға тіреген халық қалаулылары өткен жылдың соңында күрделі жөндеуге қаржы бөлінген аудандық аурухана ғимаратының құрылысымен танысты.

— Күрделі жөндеуді «Жөндеу Құрылыс» ЖШС жауапкершілігіне алған,- дейді құрылыс прорабы Есен Карманов. — Үш қабатты заманауи сипаттағы аурухана құрылысына жалпы 1 млрд. 677 млн. теңге қарастырылса, өткен жылдың соңында бөлінген 50 млн. теңге игерілу үстінде. Осы мақсатты жүзеге асыруға 35 адам жұмыла кірісті.
Аудандық аурухананың мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков ашып, жыл басында халықпен кездесіп, өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында келген депутаттарға жұртшылық атынан алғысын білдірді. Мәжіліс депутаттарын аудандық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаев денсаулық сақтау мекемесінің тыныс-тірлігімен таныстырды. Кездесуде сөз алған Серік Жұманғазиұлы мен Марат Дәйірбекұлы денсаулық қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тілеп, сайлаушылардың пікір-ұсыныстарына назар аударды.

Келесі кезекте халық қалаулылары аудандық жасөспірімдер және спорт мектебінде болып, спорттың шаңғы, штанга көтеру, джиу-джитсу, күрес, бокс түрлерімен айналысатын оқушылармен дидарласып, үйірме жұмыстарымен танысты. Болашақ спортшылар Олимпиада чемпионы Серік Сапиевпен естелік суретке түсті.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: