Аға буынның айтары бар

Жуырда Сарқан ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі Сарқан аудандық филиалының ІІ пленумы өтті.

Пленумға аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев, Алматы облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт қатысты. Аудандық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбековтың баяндамасында ұйымның есепті кезеңде атқарылған жұмыстары сарапталып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге атсалысу бағытындағы нақты жоба-жоспарлар ортаға салынды.

Бүгінгі таңда Сарқан өңіріндегі 6 мыңнан астам аға буын өкілдерінің  3-еуі Ұлы Отан соғысының ардагері, 221-і соғыс жылдарында тылда еңбек еткендер. Аймақтағы жалпы ардагерлер 50 бастауыш, 12 аудандық және 1 қалалық ұйымға біріктірілген. Ұйымның басты міндеті береке-бірлікті бекемдеп, жастарға ұлттық салт-дәстүр сабақтастығын жалғастырып, қарттарға көмек көрсету.

Жарыссөзге шыққан Амангелді ауылдық округі бастауыш ардагерлер  ұйымы жанындағы әжелер алқасының төрайымы Есбала Сүдірбаева, Қарабөгет  ауылдық округі бастауыш ардагерлер  ұйымының төрағасы Көпей Черниязов, Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Бауыржан Жантасов аудандық ардагерлер ұйымының жұмысына оң баға берді.

 Жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бүгінгі таңдағы жастарға тәрбие беру бағытындағы аға буынның үлгі – өнегесіне баса назар аударып, алқалы кеңесті аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев қорытындылады.

Жиын соңында қоғамдық-бұқаралық жұмыстарға белсене атсалысқан аға буын өкілдері марапатталды.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: