Жаңа мектептің құрылысы басталды

Сарқан қаласына қарасты Бірлік ауылындағы орта мектептің бастапқыда тұрғын үй болғандығын айтады көне көздер. Кейіннен білім ордасына айналған ғимараттың тар кабинеттері шәкірттердің лайықты білім алуына біршама кедергі болып келеді. Бүгінгі күні 118 оқушы әрі мектепке дейінгі шағын орталықтың 25 бүлдіршіні бір шатырдың астында қысылып-қымтырылып тәлім мен тәрбие алып жатыр. Аталмыш мектепті бітірген қаншама түлек спорт залы дегенді білмей-ақ кетті. Заманауи жаңа мектеп салынса деген арман ауылдықтардың көкейіне ұялап, кейіннен түрлі жиындарда сұрақ болып көтеріліп те жүрді. Міне, көптен күткен күн жетіп, жаңа мектептің құрылысы басталыпты дегенді естіп, ауылға ат басын бұрдық.

Алдын ала жауапты орындармен тілдескенде білгеніміз 120 балаға лайықталған білім ордасының құрылысына қазынадан 1 млрд. 8 млн. теңге қаржы жоспарланып, оның 50 миллионы игерілу үстінде. Құрылыс жұмыстарын «Құрылысшы ТБС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 

— Қазіргі таңда іргетас құюға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді құрылысқа жауапты ЖШС өкілі Мисут Йешллбаг – Құрылыс жұмыстарына 25 адам тартылған, оның 14-і жергілікті тұрғындар. Қажеттілік туындағанда тағы да қосымша жұмысшылар алатын боламыз. Жалпы, ғимаратты ағымдағы жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланған.

Қыстың көзі қырауда іргетас құйылып жатыр. Бұл құрылыс талаптарына сай ма деген сауалымызды да жасырмадық. Жауапты мамандар бетонды жылытуға арналған арнайы сымтемірді (ПНСВ 1х1,2) көрсетіп, оның төмен температурада болатын қату жағдайында бетонды жылыту үшін қолданылатындығын жеткізді. Аталмыш сым электр жылытқышы есебінде құрылыста кеңінен пайдаланылады екен. Бұл қыста да құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін көрінеді.

— Ең бастысы болашағымыз — балаларымыз оқитын білім ордасының сапалы салынғаны.  Төбесінен су сорғаламай, қабырғалары қақырап, көгермей ел игілігіне қызмет етсе болғаны, — дейді ауылдықтар.

Бұған біздің де алып-қосарымыз жоқ.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: