Адал еңбек – адам көркі

Небары 21 жасында компания ашып, миллионер атанған қазақстандық Құрмет Әубәкіровтың «Бұл – қарекет қылып, қам жасаудың заманы. Санаға серпіліс, мақсатқа айқындылық керек» сөзіне өзінің шағын кәсібін дөңгелетіп отырған жерлесіміз Әсел Иманжанова жарқын мысал бола алады. Бұрын балабақшада бас аспазшы болып еңбек еткен Әсел Әбделханқызы мемлекеттің «Еңбек»нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқығанда мақсатын айқындап алған. Қазіргі таңда тұшпараның түр-түрін жасап, сатылымға шығарып отырған іскер әйелдің тірлігі кісі қызығарлық.

 Өкімет берген 583 мың теңгеге өзі де қаржы қосып, қамыр жаятын, ет турайтын машиналар, тоңазытқыш және тағы басқа керек жабдықтар сатып алғандығын айтқан кәсіпкер кейін жұмысы жүре бастағанда сатып алған тағы бір көлемді тоңазытқыш өнімнің балғындығын арттыруға септескен.

Үйдің өнімі болғандықтан сұраныс та жоғары көрінеді. Аудан орталығындағы, Екіашадағы, тіпті көрші Ақсу ауданы, Жансүгір ауылындағы дүкендерде «Асель» атауымен еттен, ірімшіктен және картоптан жасалған дәмді тұшпара тұтынушылар көңілінен шыққан. Бағасы да көңілге қонымды. Бұған күніне 25 келілік дайын өнімнің кейде жетпей қалатындығы айқын дәлел. Төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Әсел Әбделханқызы қапталған тұшпараны сауда орындарына жеткізуге жолдасым Ғабит жауапты дейді. – Өзіміз малды семіртіп, сойып, таза сан еттерін тұшпараға пайдаланамыз. Сондықтан дәмді болады. Ал сапалы дүние қашанда сұранысқа ие емес пе?!

-Былтыр берілген 583 мың теңгелік қайтарымсыз қаржыны көп адамдар аз ақша деп пайымдайды. Бірақ алғашқы бастамаға бұл жеткілікті қаражат деп ойлаймын. Замандастарыма да соны айтамын,  — дейді кәсіпкер сөзін түйіндеп. Іске батыл бел буып, еңбекқорлықпен адал нәпақасын тауып отырған мұндай кәсіпкердің ісі көпке үлгі-өнеге.

-Өткен жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатындағы мемлекеттік грантты 100 адам алды,- дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Дидар Сағынғали. – Аталмыш адамдар көптеген кәсіп түрлерін ашып, аудан экономикасына өзіндік үлестерін қосуда. Мал алып, шаштараз, наубайхана ашып, құс өсірумен, тігіншілікпен айналысқан жандар көптеп саналады. Сондай – ақ тұрғындардың бизнес-жобаларын қолдауға бағытталған бұл мемлекеттік грант көлемі биыл 1 млн 225 мың теңгеге дейін ұлғайғанын айта кеткеніміз жөн.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: