Мейірім мен жылылыққа толы Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев пен аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков ғасыр жастан асқан Белдеубайқызы Алтынхан әжеміздің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпатын табыс етті.
Өмірден көргені көп, көкейіне түйгені көп кейуана дастархан басында ақ батасы мен аналық ізгі тілегін ақтарып, ақжарма алғысын жеткізді.
Аудан әкімдігінде халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев әйелдер қауымын құттықтады. Салтанатты қабылдауға ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты.
Ғалымжан Қанатұлы аналарымыздың шаңырақ отын маздатып, өңір дамуына өлшеусіз үлес косып келе жатқандығына тоқталып, арнайы дайындалған сый-сияпат ұсынды.
Аудан тұрғындарының 49 пайызын әйелдер құраса, оның ішінде 411 көп балалы ана «Алтын алқа» иесі атанып, 459 ана «Күміс алқа» белгісімен марапатталған.
Аудандық мәдениет сарайында өткен «Әйел — ару, әйел — жар» атты мерекелік салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев кіріспе сөзбен ашып, түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен жандарды алғыс хаттармен марапаттады. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленіп, аудандық мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған мерекелік концертке ризашылығын білдірді.
Өз тілшіміз.