Аудан орталығында өңіріміздің тыныс-тіршілігімен бірге тыныстап, дамуында ерекше білімді қажет ететін балалар қызмет көрсететін №10 психологиялық — педагогикалық түзеу кабинеті атты мекеме бар. Ұзақ жылдар ауданы өте тар ғимаратта қызметін жүргізіп келген аталмыш мекеме 2018 жылы Абай атындағы мектеп-гимназияның қосымша ғимараты болып келген нысанға қоныс аударған болатын. Терезелерін жаңартып, шатырын ауыстырған соң мекеменің мүмкіндіктері де артып, келушілеріне сапалы қызмет көрсетуімен ерекшеленуде. 2005 жылдан бері жұмыс жасайтын аталмыш мекемеде қазіргі таңда 56 балаға 9 маман, сонымен қатар медбике, емдік уқалау маманы және 1 дәрігер неврапотолог қызмет көрсете-ді.
Жуырда осынау мекемеде Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Қыз еркем, анасымен көркем» атауымен байқау өтті. Сынға түскен ерекше балалар Тастемір Аяулым, Шалқарқызы Аяна, Нұрәділ Жаннұр, Бейсенғали Айшагүл алдымен өздерін өлеңмен, әнмен таныстырды. «Сұлулық сыры» бөлімінде түрлі бұйымдардан шаш, сән үлгілерін көрсетсе, «Өнерлінің өрісі кең» айдарында өз өнерлерін ортаға салды, «Зерделінің ойы озық» кезеңінде аналардың білімдері сарапқа салынды. Сондай-ақ ата-аналарымен үйде бірігіп жасаған қол өнерлерін де паш етті. Қорытындысында қазылар алқасы өнерлі, инабатты, қылықты, көрікті ару аталымдары бойынша үздіктерді анықтап, «Дидар» сауда үйінің демеушілігімен қатысушыларға сый-сияпат көрсетті. Шара барысында қызмет алушы балалардың ата-аналары Нэргүл Шамарданова, Жадыра Жетібаева мекеме басшылығына, қызметкерлеріне айрықша алғыстарын білдіріп, ерен еңбектерін орынды атап өтті. Сайыс бүлдіршіндердің өз күшімен қойылған мерекелік концертпен түйінделді.