Біз зайырлы елміз. Дін мен мемлекет бөлінген. Діни жұмыстар мемлекеттік істерге килікпейді. Бір сөзбен айтқанда, заңсыздықтар орын алмаған жағдайда мемлекет діни істерге араласпайды. Алайда бақылауға, құқылы. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңы 3-бабының 1-тармағында: «Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген», – деп,3-тармағында: «Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді», –деп, 4-тармағында: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады», –деп дін мен мемлекеттің ара қатынасы ашық та түсінікті түрде атап айтылған.
Сондай-ақ, осы баптың 7-тармағында: «Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша ҚР Кониституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ…», – деп діндарлардың діни сенімдеріне байланысты ҚР кониституциясы мен заңы алдындағы жауапкершіліктерінен бас тартуға болмайтындығы ашық көрсетілген.
Әрі қарай, осы 3-баптың 8-тармағының 2-бөлігінде: «Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекет: діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді», – деп көрсетілсе, 3-бөлігінде: «Егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметіне араласпайды», –деп діни бірлестіктердің әрекеті мемлекет заңына қайшы келмесе, олардың ісіне мемлекеттің килікпейтіні, яғни, мемлекет және дін мен діни бірлестіктердің ара қатынасы осылайша айқындалған.
Демек, біздің барлық діни іс-әрекетіміз осы заңда айтылған шектен шықпауы тиіс. Бұл, өз кезегінде ең әуелі Қазақстан Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен құқығы үшін, еліміздің тыныштығы мен тұтастығы үшін қажет. Бұл ұлттық құндылықтарымыздың қабырғасын қақыратпай, керегесін кеңінен керуіне керекті. Себебі, ұлттық құндылықтарымыз бен дініміз ғасырлар бойы қабысып, қыранның қос қанатындай қатынас қалыптастырғаны айнымас ақиқат. Қапы қалдырары, қазіргі әлемде тұрақсыздықтардың бір көрінісі болып, дін атын жамылған лаңкесшілердің қойылымы арқылы орын алып отырғаны баршаға белгілі. Осындай оспадарлықтың орын алуына жол бермеу үшін, әлбетте, адамдардың діни және саяси сауатты һәм ұлттық құндылықтарымызды қанық білгені абзал. Ал, сауатты адам адасқан ағымдардың арбауына алданып, жетегіне жүрмейтінін өмірдің өзі дәлелдеген акциома.
Дін атын жамылған лаңкесшілерге қарсы күрес туралы елімізде жасалған жоба бойынша атқарылып жатқан іс-шараларды бүкіл ел болып қолдауымыз керек. Төменде осы іс-шаралар туралы қабылданған қаулыға зер салып көрелік.
Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 — 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулы қабылданып, 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлық шыққан еді.
Қазір екінші кезеңдегі жоспармен жұмыс жасалып жатса да, осы аталған
бағдарлама өзектілігін әлі жойған жоқ. Қазақстан Республикасының осы бағыт бойынша стратегиясының басымдылық берілген міндеттердің ішінде
радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне
қарсы іс-қимыл айқындалған. Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында
діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ конфессияаралық
бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған
азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет –
Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес діни
сананың қалыптасуына назар аударылады.
Сонымен қатар, қазіргі кезеңде әлемдегі
жаһандану процесі мен шиеленісу әлеуетінің өсуі халықаралық және ұлттық
қауіпсіздік ахуалына елеулі әсерін тигізіп отырғаны көзі қарақты адамдарға
көмескі емес. Діни экстремизм мен
терроризм қатері әр мемлекеттің ұлттық мүддесі қорғалу деңгейінің халықаралық
қауіпсіздік ахуалына тәуелділігін жоғарылатып, жаһандық сипатқа ие болатыны
басы ашық ақиқат. Осындай жағдайларда радикалдық діни идеологияның таралуына
мүмкіндік беретін жағдайларды (факторларды) тиімді жою, сондай-ақ экстремистік
және террористік көріністердің жолын кесу үшін қолданыстағы жүйе жетілдіруді
талап ететіні түсінікті. Ел ішіндегі діни жағдайды талдауға негізделген, діни
экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне маманданған сарапшылар
мен ғалымдардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілуі керектігі көзделген.
Елім-жерім дейтін әрбір Қазақстан азаматы бұл бағдарламаға бей-жай қарамауға
тисті. Діни тұрғыдан алғанда Отан алдындағы парызы.
Ендеше, осы елді елеңдеткен экстремизмнің елесі қайдан келді? Бұл күндері діни экстремизім деген терминді білмейтін жан жоқ десек жансақтық болмас. Өкініштісі, ең бейбіт сүйгіш дін Ислам дініне осы жағымсыз, құлаққа түрпідей тиетін «терроризм» термині тіркеліп, есерліктің елесін Исламнан іздейу дағдыға айналды.
Соңғы кездері, дәлірек айтқанда өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін, Ислам дінін ұстанушылар арасында, жоқ жерден жарылыс жасайтын «жиһадшылар» пайда болып, дінімізге қара күйе жағыла бастағаны рас. Ал, мұндай адам өлтіріп, қырғын салу ислам дініне жат, күнәлі істер қатарына жататыны ислам дінінде анық айтылған-ды.
Алла Тағаланың әміріне бой ұсынатын, кез-келген тура жолдағы мұсылман адам ең әуелі қасиетті Құран мен хадиске, қалаберді, ижмағ пен қиястың үкіміне жүгінетіні белгілі. Алайда, осы аят-хадисті қате түсініп, желіккен жастардың жарыққа шыққаны ащы да болса шындық екені шымбайыңа батады. Әрине, олар өздерінің артында бір алпауыт күштердің көмескіден көсеу тастап тұрғанын түсінбейтіні өкінішті!
Ислам діні аты айтып тұрғандай, бұл дін – бейбітшілік пен келісім діні. Ислам сөзі – бейбітшілік деген мағына береді. Ислам діні ешқашан берекені бұзып, бірлікті кетірмеген. Керісінше, татулықты ту етіп, бірліктің бесігін тербеткен бірегей дін.
«Бақытыңды өз басыңмен өлшеме,
Қамыға біл қас дұшпаның өлседе.
Айыптысың түкірігің түймедей,
Абайсызда құмырсқаны көмсе де», – деп ақын бауырымыз Ерлан Нұрдыхан айтқандай, Ислам діні адам өлтіріп, жарылыс жасамақ түгілі, дұшпанына жамандық тілемейтін, жыбырлаған жәндікке де жәбір көрсетпейтін кемел де бейбіт сүйгіш дін.
Оған дәлел, «Ниса» сүресінің 90-аятында: «Егер, олар сендерден аулақ тұрса әрі сендермен соғыспаса, тіпті, сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермейді», – деп,өзге дін өкілдерімен бейбіт келісімге келуді бұйырса, «Мумтахина» сүресінің 7-аятында: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді», – деп мұсылмандарды өзге дін өкілдеріне жақсылық жасап, әділдік қылуға шақырған.
Бейбіт келісім жолдары жабылған жағдайларда ғана елін, жерін қорғау үшін патшаның жарлығы мен ғана соғысуға рұхсат беріліп, тыныштықтың туы тігіліп, бейбітшіліктің бесігі тербелген жерде соғысқа мүлде жол жоқ. Қарсы тарап соғысты тоқтатып, келісімге келуді көздесе, мұсылмандар қарсылықсыз қабылдауы тис. Себебі, «Әнфал» сүресінің 61-аятында: «Егер, олар келіссөзге, бейбітшілікке (ниет білдірсе) жақындаса, сен де жақында», – деп бұйырған.
Зайырлы еліміздің ата заңына үңілсек, ол да осы Ислам пікірімен сәйкес келеді. Айталық, ата заңымыздың 8-бабында: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады», – деп әлемдік бейбітшілік пен келісімге деген құрметін, ұстанымын айқын атап айтқан.
Бір сөзбен айтқанда, зайырлы еліміздің заңы да, Ислам дінінің ұстанымы да халқаралық ережелерге, яғни, бейбіт қатар тұрудың бес принцибіне сәйкес келеді. Ал, бірікен ұлттар ұйымының ресми жарғысы саналатын бейбіт қатар тұрудың бес принцибін жеке-жеке атап айтсақ: «Бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, бір-бірінің территория тұтастығына құрмет ету, бір-біріне әскери күш көрсетпеу, кез-келген мәселені соғыссыз дипломатиялық жолмен шешу, бейбіт қатар тұру».
Ата заңымыздың 14-бабы 2-
тармағында тағы да: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік
жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына,
тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді
ешқандай кемсітуге болмайды», – деп адам құқын сақтаудың заңдық
негізі анық жазылған. Міне, ата заңымызбен ата-бабамыз мойынсұнған Ислам діні
бейбітшілік пен адам құқын қорғау сияқты мәселелерге қатысты басты бағытында
өзара ұқсастық, сәйкестік өте көп екенін, Исламның негізі болған аят-хадистер
мен еліміздің зайырлыққа құрылған заңынан анық аңғарамыз.
Ислам діні тыныштық орнаған орта түгілі,
соғыс өрті өршіген өңірде де озбырлыққа орын бермейді. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) елін қорғау үшін жорыққа аттанар алдындағы сахабаларына: «…араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар.
Шектен шықпаңдар, …Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы
адамдарды өлтірмеңдер», – деп
қатаң ескерту жасаған.
Ал, ата заңымыздың 17-бабы 2-тармағында: «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқалай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге немесе жазалауға болмайды», – деп адамдарға зорлық-зомбылық жасауға, оларды тығырыққа тіреуге тыйым салған.
Ислам діні де осындай адамдық қасиеттерге айрықша назар аударған. Тіпті, қақтығыстар орын алған ортаның өзінде өзгені өзіндей санау сүннеттің сүлейі болмақ. Оған мына бір хадис айқын айғақ болары анық. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне қарсы соғысып жатқан жауларына қарғыс айту былай тұрсын, тіпті, оларға: «Алла Тағалам, олар Сенің құлдарың, біз де Сенің құлдарыңбыз…», «Алла Тағалам, олар білмейді, Сен оларды кешіре гөр!», – деп дұға жасап, оларға игі тілек тілеген.
Ислам діні бәз біреулердің бәлдір-батпағында суреттелгендей, сүреңсіздік пен қатыгездікке құмар қаруға қолартқан дін емес, керісінше, жамағатын жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақырып, қиыс кеткен қисық жолдан қайтаратын хақ дін екенін, қан төгуге қатаң тиым салатын, ізгілік пен ілтипат үстіне құрылып, құтты құндылықтармен қабырғасы қаланғандығын, Исламда адам өлтіру ауыр күнә екенін аят хадистерден анық аңғаруға болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсақ, Ислам діні мен зайырлы заңымыздағы қағидалар мен нормалардың барлығы адам құқын қорғайтын, тыныштық пен бейбітшіліктің туын көтеруде ортақ пікірге ие екенін ескеру – естілік екені ерекше атап айтылар ақиқат.
«Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ
«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының»
Жамбыл ауданы бойынша дінтанушы маманы Б.Тоқай.
Тел: 8(727)7020281, 8-771 127 33 27.